Ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі

28.11.2019
Ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі

2020 жылы мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артады. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Министр Мәжілістің жалпы отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстырды.

«Мемлекет басшысының Тамыз конференциясында берген тапсырмасы аясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есеге артады. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25%-ға көбейеді деген сөз», - деді министр.

Еліміздің бас мұғалімінің айтуынша, заң жобасында мұғалімдердің өз құзыретін арттыруға бағытталған материалдық ынталандыру нормалары да қарастырылған.

Мектептерде педагог қызметкерлердің сапалы әлеуетін арттыруды ынталандыру мақсатында магистр дәрежесі бар тұлғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы көзделеді. Жалпы, заң жобасы шеңберінде мәртебені арттыру жөніндегі жаңашылдықтар барлық мұғалімдерге әсер ететінін атап өткен жөн.


Хабарламаларға жазылу