Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жыл соңына дейін 57 мыңға жуық қазақстандықтың несиесі кешірілуі мүмкін екенін айтты. Министрдің айтуынша, алдыңғы акция кезінде кейбір азаматтар құжаттарының дерек қорында болмағанының салдарынан жеңілдікке ілінбей қалған.
«Екі ай бойы осы жұмысты жасадық. Осылайша 1 қарашаға дейін соның бәрін жасап, қосымша 57 мыңға жуық азаматты осы жеңілдік алуға құқығы бар адам ретінде белгіледік. Үкіметке ұсыныс жасап, тиісті қаражат (9,4 миллиард теңге) бөлу үшін әрекет жасадық. Жылдың аяғына дейін қаржылық мәселе шешілсе, осы 57 мың адамның несиесі өтелетін болады», - деді Біржан Нұрымбетов Үкіметте өткен баспасөз конференциясында.
Айта кетейік, биыл Мемлекет басшысының жарлығымен 500 мыңнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді. Оған бюджеттен 106 миллиард теңге бөлінді. Алғашқы акция 5 қыркүйекте аяқталған болатын.