Осы аптада Президент Тараз қаласының әкімін босатуды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Президент Тараз қаласының әкімін босатуды тапсырды

24.11.2019

Президент Жамбыл облысының әкіміне Тараз қаласының әкімін босатуды тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жамбыл облысының әкіміне Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты және жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін қала әкімін қызметінен босатуды тапсырдым. Облыс әкіміне ескерту жасадым», - деп жазды Twitter-де.

Бұрын да әйел зорлап сотталғанның айуан әрекетінен кейін сөгіс жариялау, жұмыстан шығарудан бөлек, мектептердің далада орналасқан әжетханалары туралы айтылып бастады. «Рас па?» деп ирониялағың келеді. Мысалы, Жамбыл облысында 442 мектеп бар. Оның ішінде 260 мектептің әжетханасы сыртта орналасқан. Бұл 260 мектептің тек 108-інің ғана дәретханасын ғимарат ішіне кіргізуге мүмкіндік бар. Қалған 152 мектепке жапсарлас ғимарат тұрғызбақ. Сондай-ақ, 7 мектепте бейнебақылау камерасы жоқ.  

Жалпы, елімізде дәретханасы далада 2352 мектеп бар. Оның 500-ден астамы Түркістан облысында, 260-ы Жамбыл облысында, 415-і Алматы өңірінде орналасқан. 

Елімізде 1928 мектеп инспекторы жетіспейді. Өткенде Президент латифундистерге байланысты: «Менің тапсырмам өте баяу орындалып жатыр. Бұдан тапсырманың орындалуын әдейі созып отыр деген ой туады. Мұндай жағдайда қолданатын шаралар симметриялы болады. Ықылассыз орындаушыларға оңай тимейді», - деген еді.

Бұл жалпы, реформаны тежеп отырғандарға да арналғаны түсінікті. Тараз әкіміне оңай тимеген шығар... 

Хабарламаларға жазылу