Нұр-Сұлтанда Травматология және ортопедия институтының жаңа ғимараты бой көтереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда Травматология және ортопедия институтының жаңа ғимараты бой көтереді

24.11.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына барғанда жанынан қосымша 23,2 мың шаршы метрлік медициналық корпус салуға шешім қабылдағанын айтты. Құрылысқа 26 миллиард теңге қажет. «Мұның қомақты қаражат екеніне қарамастан, Үкіметке тиісті тапсырма беремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа корпуста 6 ота жасайтын зал, 300 орындық оңалту орталығы, сондай-ақ медициналық бұйымдар шығаратын шағын зауыт болады. 2021 жылы пайдалануға берілуі тиіс. 

Осы тұста жарақат алуға орай бір ақпарат – айдың басынан бері көктайғақтан 888 адам зардап шеккен. Олардың 376-сы - бала. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты хабарлайды. Мамандар тұрғындар бұл күндері мұз қатқан учаскелерден аулақ жүріп, тайғанамайтын аяқ киімдерді, әсіресе бұдыр табанды етік киюі қажет екенін айтады. Иә, дұрыс ғой. Бірақ мұз қатпаған жері жоқ көшелер мен тротуарлар қанша өзі? 

Бұдыр табанды «трактор» бәтеңке алуға жаяу жүретіндердің шамасы жете бере ме? Көпсалалы болса да, Травматология институты туралы айтып, осыны сөз қылмай кеткеніміз жөн болмас... 

Президенттің медициналық ғылыми-зерттеу институтына барғанда көтерілген мәселе, жалпы орталық жайлы Альбина Әшімнің материалы.  

Хабарламаларға жазылу