2021 жылға дейін Травмотология және ортопедия институты үшін жаңа ғимарат салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2021 жылға дейін Травмотология және ортопедия институты үшін жаңа ғимарат салынады

19.11.2019

Травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты үшін жаңа ғимарат бой көтереді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық мекемені аралап, осындай шешім қабылдады. Өйткені институттың Қазақстан медицинасы мен ғылымына қосып жатқан үлесі орасан зор. Дәрігерлер осы жетістіктерді еселеп, отандастардың тез оңалуына озық технологияларды қолдана алуы үшін жаңа ғимарат қажет. Сондықтан президент нысан 2021 жылға дейін салынады деп уәде етті.

 Травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты – аталған сала бойынша озық технологияларды әзірлейтін бірден-бір ғылыми клиника. Бұдан бөлек, мұнда отандық дәрігерлер күрделі операцияларды сәтті жүргізіп келеді. Ал жас буын білімін шыңдайды. Мекемеге арнайы келіп, ота жасайтын және реанимация бөлімдерін аралап болған соң, Президент адам өмірі үшін арпаласып жүрген ақ халаттыларға жақсы жаңалығын жеткізді.

Ғалымдар жаңа корпустың қолданысқа берілуін асыға күтуде. Өйткені жаңа технология мен мүмкіндіктер арқасында ел игілігі үшін пайдасы тиер жаңалықтар ашамыз деп отыр. Қазірдің өзінде институтта 7 бағытта зерттеулер жүргізіледі. Жақында отандық ғалымдар буын аурулары бойынша жетістікке жеткен көрінеді. Ғылыми зерттеудің арқасында кеселдің алдын алып, буындарды жасандыға ауыстырмаудың амалын тапқан екен.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу