Ірі сауда орындарында тегін беріліп келген полиэтиленді пакеттер енді ақылы болуы мүмкін. Экологтар оларды ақшаға сату арқылы қолданыс көлемін азайтуды көздеп отыр. Ал орнына жаппай биопакеттерді енгізу жоспарлануда. Бірақ халық осыған дейін тегін болған пакеттерді сатып алу, қымбат болса да, экология үшін биопакеттерді қолдануға дайын ба? Көпшіліктің пікірін Аманкелді Сейітхан біліп келді.
Қазақстандықтар бір күнде орта есеппен 15 миллион полиэтиленді пакет қолданады екен. Өйткені ол сауда орындарында тегін беріледі. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі алдағы уақытта пакеттерді ақылы етуді жоспарлап отыр. Ондағы мақсат - табиғатқа зиянды пакеттердің көлемін азайтып, орнына экопакеттерді енгізу.
Салима Тажиева, қала тұрғыны:
Егер де мынау зиян болатын болса, неге пайдасы барын алмасқа. Балаларымыз бар.
Халима Көшербаева, қала тұрғыны:
Мен арзанын аламын. Арзанына жүгіреміз ғой біздер. Экология баяғыда бүлінді ғой.
Пластиктен жасалған дорбалардың зияны туралы жиі айтылып жүр. Мәселен, қоқысқа тасталған бір пакеттің жойылып кетуі үшін кемі 100 жыл керек. Сол себепті, қазір елімізде биологиялық тез ыдырағыш материалдан пакет жасайтын кәсіпорындар ашылуда. Бірақ олардың өнімдері қымбат. Өйткені экопакет шығарушылар шикізаттың бәрін шет елден алады.
Елдос Абақанов, Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:
Әрине, полиэтилен пакетін өндіру өте арзан болады. Ол факт.
Мамандар 2025 жылға дейін полиэтиленді пакеттерді сатуға біржола тиым салуды жоспарлап отыр. Өйткені қазір әлемнің 127 елі пластиктен бас тартқан. 30 мемлекетте пластикалық пакеттер ақылы түрде беріледі. Ал Қазақстанда өткен жылы 300 мың тонна пластик қалдықтары шығарылса, соның үш пайызы ғана қайта өңделген. «Биыл пластиктерді қоқыс полигонына көмуге тиым салынғандықтан олардан құтылу тіпті қиындап барады», - дейді мамандар.
Аманкелді Сейітхан
