Актриса Раиса Мұхамедиярова өмірден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Актриса Раиса Мұхамедиярова өмірден озды

05.11.2019

Бүгін өнер саласында өзіндік қолтаңбасы бар, қазақ халқы ардақтаған атақты актриса Раиса Мұхамедиярова дүниеден озды. Актрисаны көзі тірісінде ерекше сымбаты мен өнер бәйгесіндегі дарындылығының арқасында жұртшылық атақты италиялық актрисаға теңеп Джина Лолобриджида деп атап кеткен. Сонымен қатар театр және кино әлемінде талай таңғажайып туындының маңызды рөлдерін де сомдаған.

Раиса Мәжітқызы Мұхамедиярованың есімі қазақ киносында алтын әріппен жазулы. Өйткені кеңес дәуірінен бері талай сүбелі туындылардың әсерлі шығуына үлес қосқан еді. Солардың бірі — режиссер Сұлтан Қожықовтың «Менің атым Қожа» фильміндегі мұғалім Майқанованың бейнесі жұрт жадында әлі сақтаулы.

Ұстаз рөлін сомдау арқылы көпшілікке кеңінен танымал болды. Сонымен қатар сахнадан басқа, актрисаның көпшілділігі, өзіне деген талапшылдығы мен дер кезінде әріптестеріне қолдау білдіріп жүретіндігін жақындары ұмытпайды.

Райхан Қалиолдина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса:

Ол кісінің сөйлеу мәнері, өзін өзі ұстауы, бір өзіне тән ғана сабырлылығы, не айтса да ойын жинақтап, асықпай айтатын. Сөздің қадірін білетін ол кісі. Өмірден бір әдемілікті көретін едім Рекең арқылы. Осындай адамдар бар. Осындай позитивтік адамдар бар өзін бір патшайымдай ұстайтын.

Кино картиналардан бөлек, Раиса Мұхамедиярованың театр әлемінде де орны ерекше еді. «Желсіз түнде жарық ай» қойылымында Зеренің рөлін сомдаса, одан «Ұлпан» спектакльінде басты рөлді ойнап, көрерменді тәнті еткен. Сол уақытта жолдасы болған әйгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтың жанында жүріп айналасындағы тау тұлғалармен араласты. Шығармашылығын шыңдап, дамытты.

Қадірбек Демесін, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының артисі:

Мен ең бірінші рет студент кезімде көрдім дедім ғой. Сол кезде қазақ тіліне орашалақ болатын. Ал кейін бұл кісінің өскені сондай театрыңыз, киноңыз былай тұрсын, ол кісі «Қазақфильмдегі» дубляжды жасады ғой. Қазақтың сөзін таптап-таптап тұрып меңгеру деген бұл дәл бүгінгі күндегі қазақша білмейтін жастарға үлкен үлгі өнеге.

Алаш жұрты ардақтаған өнер майталманының «Алтын қордағы» жарқын бейнесі енді ешқашан ұмытылмайды. Естеріңізге сала кетейік, актриса Раиса Мұхамедияровамен қоштасу рәсімі 7-ші қараша күні сағат 10:00-де Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында өтеді.

Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТ


Хабарламаларға жазылу