Көмірді алыпсатарларға қарсы шаралар қабылданады
Көмірдің бағасын қалай да тұрақтандыру керек. Президент тапсырмасынан кейін үкіметтегілер осы мәселені қолға алды. Алайда бұл қысқа мерзімде шешіле салатын оңай шаруа емес екенін өздері де мойындап отыр. Кеніштен тоннасына 3 мың теңгеден шығатын көмірді халық 15-20 мың теңгеге сатып алуға мәжбүр. Осыған байланысты, қазір алыпсатарларды «сабасына» түсірудің жолын қарастырылып жатыр. Үкімет көмір бағасын қалай реттейді, делдалдарға қандай жаза қолдануы мүмкін?
Ербол Мәндібек, тілші:
Ресми мәлімет бойынша көмірдің әу бастағы құны, яғни кеніштен шыққан кездегі бағасы 3 мың теңге екен. Алайда ол қарапайым халыққа жеткенше бір емес, бірнеше есеге өсіп, орташа есеппен 15-20 мың теңгеге дейін жетеді. Мұның ешқандай құпиясы жоқ екені мәлім. Күн суыта алыпсатарлардың дәурені басталады. Бүгін осы мәселе бойынша Үкіметке жауапты тұлғалар келіп, баспасөз мәжілісін өткізді. Сонымен бағаны шарықтатып отырған алыпсатарларға қандай шара қолдануға болады? Біз осы мәселе бойынша бірнеше сұрақ қойып, тұщымды жауап алуға тырыстық.
Қазақстанда көмір өндіретін 4 ірі компания бар. Олардың шаруасы түсінікті. Миллондаған, миллиардтаған келісім-шартпен жұмыс істейді. Үлкен зауыттарды, коммуналдық мекемелерді қамтиды. Ал ауылдағы, аудандағы және қала шетінде жер үйде тұратын қарапайым халықты жарылқау делдалдардың, алыпсатарлардың қолында. Жаз бойы камаздарын жөндеп, тіркемелерін түгендеп қара суық басталысымен кеніштерге аттанады. Кім қалай сатады, өзі біледі. Мұны министрліктегілер реттелмейтін нарық деп отыр.
Ерлан Әлжан, ҚР ҰЭМ Комитет төрағасының орынбасары:
Бағаны ешкім бақыламайды. Реттеуге келмейтін нарық. Жергілікті билік немесе орталық мемлекеттік орган көмірдің қалыпты бағасын қоймайды. Бәрі бәсекелестікке байланысты. Кімдікі арзан болса, халық соныкін алады деген қағида.
Жауапты министрлік реттей алмай отырған нарықтың заңы әр өңірде әртүрлі. Ең қымбат көмір Батыс аймақтарда. Арзаны шығыста, қалғаны назарларыңызда. Сонымен Қазақстанда қарапайым халық үшін көмірдің бағасы тиімді ме деген сауал қойып, ақталуға тұрарлық жауап алдық.
Жәнібек Тайжанов, Көлік комитеті төрағасының орынбасары:
Егер ТМД-мен салыстырсақ Қазақстанда көмірді жеткізу құны әлдеқайда арзан. Мәселен, Ресейде тариф 7 доллар, ал бізде 6 доллар. Көмірді вагонмен жеткізу соншалықты қымбат емес, бұл жерде барлығы тауардың иесіне байланысты. Егер ол үстемеақыны көп қосса, қымбат болады, аз қосса, арзан болады.
Ауылдағы ағайын қаһарлы қыстан жылы шығу үшін орта есеппен 250-300 мың теңге жұмсайды. Тоннасын 15-20 мың теңгеден есептегенде. Әсіресе бұл әлеуметтік қамтылуы аз, әупірімдеп күнелтіп отырғандарға өте қымбатқа түсетіні белгілі. Алыпсатардың да өзі шығыны бар. Жанармайы, сынатын сайманы, бала-шағасының нәпақасы тағы басқа. Не істемек керек? Министрлік мамандары мәселені шешудің жалғыз жолы бағаны реттеу дейді. Ол үшін биржалық сауда талаптарын қайта қарамақ, бұл мәселеге осы уақытқа дейін үңілген екен, бірақ нақты нәтиже шықпағанға ұқсайды. «Нақты шешім қандай болатынын бүгін емес, алдағы уақытта айтамыз»,- деді.
Саят Исатов, ҚР ИИДМ Комитетінің бас сарапшысы:
Біздің Ұлттық экономика министрлігі жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл бір жыл емес, екі жылдан бері жүріп жатыр және жан-жақты қарастырылып, бәрін қауіп-қатер ескеріліп, соңында шешім қабылданатын болады.
Мұнайы көп болғанымен, бензині қымбат, бидайы көп, наны қымбат, көмірі көп, отыны қымбат біздің елде бағаны тұрақтандырудың сан түрлі амалдары жасалды, әлі де жасалуда. Бірақ соның соңғы нәтижесі көптің күткеніндей болмайды. Дегенмен бүгін арнайы баспасөз мәжілісін өткізген үш бірдей министрліктің өкілдері осы жолы қайтсек те көмірдің жырын тоқтатамыз деп отыр. Қалай және қашан екенін тағы да ашып айтпады.
Ербол МӘНДІБЕК
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы