Өскеменде заңсыз құрылыс белең алып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде заңсыз құрылыс белең алып барады

30.10.2019

Өскеменде заңсыз құрылыс белең алып барады. Кәсіпкерлік мақсатта бой көтеріп жатқан нысандардың тұрғын үйлерге тым жақын салынуы, жұрттың наразылығын тудыруда. Тұрғындар биліктен көмек сұрайды. Ал кезінде сол жер телімдерін берген жергілікті атқамінерлердің өздері бүгінде кәсіпкерлермен соттасып, жерді мемлекет меншігіне қайтарып әлек.   

Берік Көшербай, тілші:

Бұл жердегі тұрғындардың ренжитін жөні бар. Себебі олардың үйіне жапсарлас салынып жатқан мына жаңа нысан осы екі ғимараттың ортасындағы жолдың жартысынан көбін алып жатыр. Мына жолмен өткенде көліктердің көбі мына бордюрге шығып кетеді.

Крылова көшесіндегі мына көпқабатты үйдің қасында құрылыс жұмыстары жазда басталған. Оның алдында кәсіпкер осы жердегі халықпен кездесіп, үйдің бұрышынан сән салонының кіреберісі ғана салынады деп уәде беріпті. Тұрғындар рұқсатын берген, «бірақ жаңа нысан жолдың жартысын басып қалатынын білмедік» дейді.

Қазір зейнеткерлер заңсыз құрылысты тоқтату үшін құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр. Ал кәсіпкер осы жерге иелік ететін рұқсат қағазын алға тартып, ақталады. Жолдың жартысын басып қалған жаңа нысанның астында кәріз жүйесінің құбыры да қалған. Людмила Сюркалова, қала тұрғыны:

Үйіміз 1958 жылы салынған. Сол уақыттан бері мына екі ғимараттың орасында көлікке арналған жол болған. Жаяу жүргіншілер де қысылмай өтетін. Енді, міне жолдың тура үстіне құрылыс жүргізіп жатыр.

Наталья Маханько, қала тұрғыны:

Құрылыс иесі үй тұрғындарымен сөйлескісі келмейді. Телефонына қоңырау шалсақ жауап бермейді.

Жолды ғана емес, заңды да белшесінен басқан азаматтың әрекетіне шыдамаған тұрғындар кеше әлеуметтік желі арқылы облыс әкімінен көмек сұрады. Сөйтсе, бұл кәсіпкерге тұрғындар ғана емес, қалалық әкімдік өкілдері алданып қалыпты.

Әлібек Тұрсынбетов, Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

Жерді жалға алар кезде бізге көрсеткен жобасы бойынша тек қана шағын құрылыс деп жазылған. Бірақ түбінде ол кісі құрылыс көлемін көбейтіп, жолдың жартысын алды. Сол себептен біз өз тарапымыздан сотқа бердік.

Қазір Өскемен қаласында заңсыз құрылыс төңірегінде бірнеше іс сотқа жеткен. Тұрғын үйге жақын жер учаскілердің кәсіпкерлерге оңды- солды таратылуы қарапайым жұрттың ашу-ызасын тудырып- ақ отыр.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу