Шымкенттегі атыс кезінде бір адам қаза тауып, 5 адам жараланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі атыс кезінде бір адам қаза тауып, 5 адам жараланған

30.10.2019

Шымкентте атыс болды. Куәгерлердің айтуынша, қару ұстаған екі адам қаладағы дәмханалардың біріне басып кіріп, бір топ адамға қарай оқ жаудырған. Қанға боялған дәмхана, қолдарындағы «Сайга» қаруын лақтыра салып қашқан белгісіз біреулер. Дәл тоқсаныншы жылдарды бейнелейтін кинофильдер іспетті. Қайғылы оқиғадан бір адам қаза тауып, төртеуі ауыр жарақат алған. «Қылмыс жасағандар белгілі, егер ұсталса лайықты жазаларын алады»,- дейді полиция.

Қанды оқиға Арғынбеков көшесінің бойындағы мына кафеде болған. Кіреберісі атыстан жарақат алғандардың қан іздеріне толы. Ас ішетін кабинадан сыртқа дейін тамшылап келгені көрініп тұр. Өзін дәмхананың «қожайынымын»деп таныстырған мына жігіт ішке кіргізбеді. Мән-жайды айтуға да құлықсыз.

Төңіректегі көршілер де болған жәйттан қорқып қалған секілді. «Ешнәрсені көрмедік, білмедік» деуден әрі аспады.

Шымкент қаласындағы №1 клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен 4 науқас жеткізілді. Оның екеуіне шұғыл операция жасалды. Бірінің желкесі мен шүйдесіне оқ тиген. Ал екіншісінің ішкі құрылысын мен тоқ ішегін оқ жарақаттап өткен. Қазір екеуі де жансақтау бөлімінде. Ал қалған екі азаматтің бірі трамватология, екіншісі хирургия бөлімінде ем қаблдауда.

 Өткіржан Молдаханов, Шымкент қаласы №1 клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

 Бірінші түскен науқас 1984 жылғы. Ол кісіде оқ жарақаты терең болғандықтан жағдайы ауыр дәрежеде. Қалған үш науқастың жағдайы жалпы айтқанда орташа ауырлықта деп айтуға болады.

 Дәрігерлердің қарауына кафенің қожайыны да келген. Ол атыс кезінде екінші қабаттан секіріп кетіп, аяғын ауыртып алған. Полицейлер оқиға болған жерді тексеру барысында қылмыс құралдарын тапты. Айғақты заттарға сараптама жасалуда.

 Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы:

 Ол қылмысты істеген адамдар белгілі. Анықталды. Қазір ұстау шаралары жүріп жатыр. Жақын арада ұсталса, әрқайсысы өз жазаларын алады. Оған сеніңіздер.

 Ақпарат құралдарында жарияланған кейібір мәліметтерде кафенің алдында сол мезетте екі шетелдік қымбат көліктің тұрғаны айтылады. Toyota 70 және Lexus RX 350 маркілі машианалардың ішінен құқық қорғау қызметкерлері аса ірі соммадағы теңге мен доллар купюраларын тапқан. Қылмыс болған жерді тергеушілер мен криминалист мамандар жіті тексеріп жатыр.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу