«Наз» би театры 20 жылдық мерейтойын атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Наз» би театры 20 жылдық мерейтойын атап өтті

30.10.2019

Елордадағы «Наз» театры «Жиырма жылдық би ғұмыр» мерейтой кешін өткізді. Сан түрлі ұлт пен ұлыстың биін, хореографиялық қойылымдарын кәсіби би театры 20 жылдан бері сахналап келеді.

«Наз» мемлекеттік би театры - Қазақстандағы алғашқы кәсіби би театры. Театрдың тарихы 1999 жылдан бастау алады. Яғни, ұлттық фольклорды насихаттап, қазақтың билерін дамытып жүргеніне биыл 20 жыл. Шығармашылық ұжым осы уақыттың ішінде әлемнің бірқатар мемлекетін бағындырып, Еуропа, Қытай, Норвегия, Израильге барып өнер көрсетті. Өнерпаздар алдағы уақытта да гастрольдік сапарын жалғастырмақ.  

Сұлтан Сраилов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Наз» мемлекеттік би театры» МКҚК директоры:

20 жылдық бір межені аттап жатырмыз. Жоспарлар көп-ақ. Бүгінгідей нарықтың заманында нарық қумай, құндылық іздеген, құндылық терген сол әр бөлшегінен әдемі театр жасай білген театрмен аттап жатырмыз.

Театрда 130 қызметкер бар. Шығармашылық құрамы – 65 адам. Оның бірнешеуі - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. «Наз» тетрының репертуары жыл сайын ұлғайып келеді. Мәселен, Шыңғыс хан туралы өнерсүйер қауым талай драмалық туынды тамашалағаны рас. Бірақ даңқты қолбасшыны алғаш рет би тілінде сөйлеткен - осы театр.

Тілектес Мейрамов, ҚР Халық әртісі:

Сол Шыңғыс ханның соңғы дайындық кешіне немеремді ертіп апардым. Әзілдеп сұрадық, пікірің қандай деп. Сол бала бір-ақ сөзбен саусағын шошайтып айтты, өте жақсы деп. Бұдан артық бағаның керегі жоқ. Өйткені бала өтірік айтпайды.  

Хореография – тілсіз өнер. Бірақ ғажайып қимыл мен дене сымбаты арқасында бидің тілін ұғынуға болады. Бұл ретте, «Наз» театрының 20 жылда атқарған еңбегі еш елеусіз қалмады. Оған көрермендердің өнерпаздарға деген ризашылығы дәлел.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу