Президент Алматы қаласындағы бірқатар нысандарды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Алматы қаласындағы бірқатар нысандарды аралады

29.10.2019

Бұдан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев, мегаполистің дамуына ықпалы зор бірқатар нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Қазір цифрлық экономика – заман талабы. Осы ретте, Президент алдымен шаһардағы «Tech Garden» инновациялық кластер орталығына барды. Әлемдегі ең үздік инновациялық жобаларды шоғырландырып отырған аймақта 166 компания, 1 бірлескен инвестициялық қор және 66 ұйым бар. Сосын Қасым-Жомрат Тоқаев, Алматыдағы сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығының жұмысына қанық болды. Мұнда қазір, ауыр дерттің шеңгеліне шырмалған 200-ге жуық бала ем-дом алуда. Барлығының арманы – өз аяғымен жүріп, ел қатарына қосылу. Ол үшін барлық жағдай жасалған. «Ел аумағында мұндай орталықтарды көбейту керек»,- деді Президент.

Инвестиция тарту – Президент жүктеген басты міндеттердің бірі. Сондықтан Алматының экономикалық әлеуетін пайдаланып, қалталылардың көңілін тауып, қаржысын алу керек. Инвестиция үйін ашудағы мақсат та осы болатын. Бұл жерде Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпкерлерді қолдау орталығының жұмысы жайлы да мәлімет берілді. Өз ісін ашуға ниет етіп келген адам бұл орталықтан кәсіпкер болып кетеді. Қызметтің барлық түрі бір жерге шоғырланған. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барған Мемлекет басшысы, 1934 жылы негізі қаланған көне оқу орнының бүгінде заманға сай смарт-университетке айналғанына куә болды. Оқу ошағының білімі цифрлы форматта беріледі, инфрақұрылымы ақылды технологиялармен басқарылады. Университеттің іші-сырты мыңнан астам бейнекамера қойылған. Ақылды камера ішке кірген-шыққан адамды бет-әлпеті арқылы танып, дереу ақпарат береді. Енді әлемнің топ-500-не кіретін супер компьютерлері әкелінбек мұнда.

Ғалымқайыр Мұтанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры:

Бұрынғы кезде бір-бірімен қару-жарақпен жарысты. Қазіргі заманда есептік ресурстар қай елде жоғары, сол ел қатты дамып жатыр. Егер сондай ресурстарды осында дамытсақ, ел экономикасына жарата білсек, Қазақстан да алдыңғы қатарға көтеріледі.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу