Мәжіліс 2020-2022 жылдарға арналған республика бюджетінің жобасын мақұлдады. Жоспар бойынша еліміздің шиказаттық және қызмет көрсету секторына жаңа серпін берілмек. Соның арқасында түскен қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаларға бағытталады.
Мәжілістің жалпы отырысында бюджеттің кірісін өсіру үшін қосымша табыс көздерін ұлғайту ұсынылды. Келесі мәселе осы еселенген кірісті ретімен жұмсау. Шағын және орта кәсіпті дамыту арқылы тұрғындарға тұрақты жұмыс орындарын ашу, есесіне түсетін салық арқылы қазына қаржысын арттыру қарастырылған. Жоспар бойынша Республика бюджетінің 46 пайызы әлеуметтік бағыттарға жұмсалмақ.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі:
Шығыстардың негізгі бөлігі мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға көзделеді. Бұл 3 жылға шамамен 1,1 триллион теңге. Түзетулердің екінші бөлігін депутаттар ұсынды. Және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға және аймақтарды дамытуға бағытталған. Мәселен, ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен, су бұру қызметтерімен қамтамасыз етуге. Сондай-ақ, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы объектілерін және көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаражат көзделген.
Халықтың табысы өскен сайын күнделікті тұтынатын тауарлардың қымбаттауы заңдылық. Алайда Ұлттық банк бұған жол бермейміз деп отыр. Алдағы жылдары теңгенің құнсыздануы керісінше азаяды деп сендірді бас банктің өкілі.
Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банкі төрағасының міндетін атқарушы:
Жылдарға арналған республика бюджеті Үкімет пен Ұлттық банктің макроэкономикалық болжамы бойынша түзілді. Біздің қаржы несиелік саясатымыз бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. 2020-21 жылдары инфляция 4-6 пайыз шамасында, ал 2022 жылдан бастап 3-5 пайыз дәлізінде болады деп жсопарлап отырмыз.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин түрлі салаға бөлінетін бюджет қаржысына қадағалау бұрынғыдан да күшейе түсетінін ескертті.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері:
Бүгін мақұлданған бюджет жобасында экономиканың нақты секторын қолдау, денсаулық саласы, баспана және жұмыспен қамту және басқа да әлеуметтік мақсаттарға ерекше көңіл бөлінді. Бұл Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңызды бастамаларын, сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саулау бағдарламасы бойынша басым бағыттарды одан әрі жалғастыру болып табылады. Ендігі негізгі міндет — осы бөлінген барлық қаражаттардың өз уақытында тиімді жұмсалуы. Осыған орай мемлекеттің әрбір тиыны Мәжіліс депутаттарының қатаң бақылауына алынады.
Депутаттар тарапынан бюджет жоспарына бірқатар түзетулер енгізілді. Мемлекетке, әсіресе халыққа пайдасы аз бағыттарға көзделген қаржыны тоқтатып, керісінше кезек күттірмейтін жұмыстарға жұмылдыру ұсынылды.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ