Мәжілістің жалпы отырысында бюджет жобасы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілістің жалпы отырысында бюджет жобасы талқыланды

09.10.2019

Атаулы әлеуметтік көмек беру үшін бюджетке тағы түзетулер енгізілді. Көпбалалы аналарды қолдауға бағытталған құжат бүгін Мәжілісте мақұлданды. Жалпы, бюджеттен бөлінген қаржы бос жатпай, ел экономикасы үшін жұмыс істесе, талай түйткілді шешуге болар еді. Алайда атқарылған жұмыстары туралы ауыз толтыра айтып, желпіне сөйлейтін кей шенеуніктер іске келгенде тосылып жүр. Бөлінген қаржыны дұрыс игере алмайды. Енді бұндай әрекеті үшін олар заң алдында жауап береді.

Ауылдағы ағайын ауыз суға зәру. Шығыс Қазақстандағы Аягөз қаласы мен бірнеше ауылға таза ауыз су тарту үшін былтыр қазынадан 2 милиард 600 миллионнан аса теңге бөлінген. Алайда су тек бір ауылға ғана жеткен. Бұл бір ғана мысал, ауыз суға бөлінген қаражат тиісті жеріне жетпейді. Неге? Бұл сұрақ бізді де, көрерменді де, депутаттарды да мазалайды.

Сергей Симонов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы Пресновка топтық су құбыры құрылысының бірінші кезегінде 2,60 миллиард теңге қарастырылған. Ал қазір бұл сома 81 миллион теңгеге дейін қысқарды. Сонда үкіметтің 2019 жылғы республикалық бюджетті орындау туралы есебі 99,99 пайызға шығу үшін осындай түзетулер енгізілетіні көрініп қалды. Ақшаны игеру жағын әдемілеп көрсеткенмен, нәтиже жоқ.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

Иә, мұндай мәселе бар. Қазір біз басқа мердігер таптық, ол жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл мәселе біздің бақылауымызда болады.

Жауыр болған жауап. Тарыдай күмән, таудай күдік бар. Жастар жылының ашылуы рәсімінде Елбасы «Жас маман» бағдарламасын дайындау үшін Үкіметке тиісті тапсырмалар берген. Қазіргі таңда өңірлерде 100 қажетті мамандық бойынша маман оқытылуы керек еді. Алайда осы бағыттағы қажетті шаралар іске асырылмады, бюрократия бар деген сөз.

Индира Бегайдар, тілші:

Жалпы түзетулердің нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек пен медициналық қызметтерді қосымша қаржыландыруға деген қажеттілікті қамтамасыз етуге, экономика өсіміне екпін беретін қосымша өсім көздерін құруға мүмкіндік береді. Әлеуметтік шығыс бюджеттің 45 пайызына жетпек.

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны алдыңғы нақтыланғаннан кейін 3 ай ішінде 417 мың адамға ұлғайған. Осыған орай, алдыңғы жылғы бюджеттің шығыстары да ұлғаюда. Тұтастай алғанда, көмек алушылардың саны 1,8 миллион адамды құрайды.

Жауапты мамандардың мәліметінше, даму болжамының көрсеткіштері сақталады. Жұмысшылардың еңбекақысын өсіруге, жылу энергетикасы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй және инженерлік желілер құрылысы жанданады.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 

Депутаттар 2019-2021 жылдарға арналған бюджет туралы заңға түзетулерді мақұлдады. Мемлекет қаражаты процесс үшін емес, нақты нәтиже үшін жұмсалмақ. Өйткені судың да сұрауы бар.

Индира БЕГАЙДАР


Хабарламаларға жазылу