Павлодарда сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндерді оңалтуға арналған тағы бір орталық ашылды. Жаңа ғимарат ерекше балаларды емдеуге қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі балалар бұрынғыдай кезек күтпейді. Өйткені қосымша 48 орын ашылып отыр.
Ертіс өңірінде жалпы ерекше балалардың саны 2,5 мыңнан асады. Олардың шамамен 500-ге жуығының бел омыртқасы зақымданған. Ондай науқастарға сауықтыру шаралары үздіксіз жүргізілуі қажет екен. Қосымша ғимаратты қалпына келтіру мен материалдық жабдықтарға 100 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Ал емдеу мекемесінің балаларды сауықтыру мүмкіндігі екі есеге артты. Жергілікті атқарушы билік өкілдері ерекше балаларды барынша қамқорлыққа аламыз деп отыр. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін мамандарға да қолдау көрсетілмек.
Ернұр Қаленов, әлеуметтік жұмыс бойынша маман:
Балалардың кезекте тұру мәселесі шешіледі. Біз қазіргі таңда 62 баламен жылына 180 балаға жуық баланы оңалтудан өткізсек, қазір қосымша орынмен 48 орынды қосқанда 108 баланы қамтимыз.
Шерхан Жамбылұлы