Мал шаруашылығын өркендеткен Рақымбаевтар әулеті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мал шаруашылығын өркендеткен Рақымбаевтар әулеті

17.10.2019

Ерінбей еңбек еткеннен артық игілік жоқ. Шығыс Қазақстан облысының Екпін ауылында тұратын көпбалалы Дастан мен Марияштың отбасындағы өмірлік ұстаным осындай. Тарбағатай ауданында мал шаруашылығымен айнылысып отырған жанұяның бүгінде еңбегі жемісті, тұрмысы келісті. Олардың айтуынша, қазір елімізде еңбек етем деген адамға барлық жағдай жасалған, сондықтан масылдықтан бойды аулақ ұстау керек.  

Дастан Рақымбаев Тарбағатай өңіріндегі үлкен қожалықтардың бірін басқарады. Ол 2005 жылдан бері асыл тұқымды ақбас қара малын өсіреді. Бүгінде 4-5 табыны бар. Айтуынша, қазіргі заманда тек бел жазбай еңбек еткен адам ғана оның жемісін татып, табысты болады. Осыны балаларына үнемі айтып отырады екен. 

Дастан Рақымбаев, шаруа қожалығының төрағасы:

Еңбек еткен адамға қай жерде болсын жұмыс бар ғой. Өзінің ойын жинақтап, бір кәсіп ашса, еңбек етсе, бәрі болады. Біз солай істедік. 

Дастан Рақымбаев өзінің бірнеше ауылдасын да жұмыспен қамтып отыр. Осы күңге дейін өзі трактормен шөп шауып, малға қысқы азық дайындау науқанында бел жазбай еңбек етеді екен. Бұл жұмысқа балаларын да баулып, бүгінде олар да техниканың тілін жақсы біледі. 

Дастан мен Марияш 5 бала тәриелеледі. Өмірден ерте озған жақын туыстарының 3 баласын бауырына басқан. Олардың барлығын жастайынан өнерге, адал еңбекке баулып жүр. 

Марияш Тыныбаева, көпбалалы ана:

Бала кезімізде анамыздан, әжемізден үйренген нәрсемізді балаларыма үйретіп отырмын. Ұстанымым – бала еңбекқор болу керек.

«Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады» деген сөздің мағынасын бұл үйдің балалары жақсы біледі. Бүгінде үлкендері бір-бір үй болып, түрлі салады еңбек етуде. Студент балалар ауылға келіп еңбек етуді көздейді.

Айса Дастанқызы, студент:

Жоғары біліқты маман иесі болғым келеді және болашақта осы медицина білімін аяқтағаннан кейін ауылға қайтып келіп, еңбек еткім келеді. 

Осылайша Шығыс Қазақстанның шалғай ауылындағы отбасы ешкімге жалтақтамай, адал еңбектерімен нәпақаларын тауып, абыройға бөленіп отыр. Аудан халқы олардың еңбекқорлығын ерекше бағалайды.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу