Мал шаруашылығын өрістеткен көпбалалы аналар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мал шаруашылығын өрістеткен көпбалалы аналар

22.10.2019

Сыр өңірінде мал шаруашылығын өрістетіп отырған көпбалалы батыр аналар бар. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы төрт түлік алып, қорасын төлге толтырған жандар атаулы әлеуметтік көмекке зәру емес. Ұрпағын еңбекке баулып, ата кәсіптен несібесін тапқан кәсіпкер аналардың тіршілігін тілшіміз көріп қайтты.  

Шәменов ауылының тұрғыны Шолпан Қалиева - жалғызілікті көпбалалы ана. Сегіз ұл-қызды өсіріп-жетілдіру үшін «Құлан» бағдарламасымен несиеге 15 бас жылқы алған. Ердің жүгін қоса арқалаған нәзік жан күнделікті мал жайғап, жем-шөбін береді. Бейнеті көп тірлікті бір өзі атқарып, елдің қатарынан қалмай келеді. 

Шолпан Қалиева, көпбалалы ана:

Осы малдың арқасы. Несиені де төлеп отырмыз, балаларды да жеткізіп жатырмын. Мектеп жасында бес балам бар.

Шолпанның жолдасы осыдан үш жыл бұрын өмірден озыпты. Бірақ асыраушысынан айрылса да, ешкімге алақан жайған емес. Мал ұстап, ерінбей еңбек еткеннің арқасында көпбалалы отбасы бүгінде еңсе тіктеп отыр. Масылдыққа бой алдырмайтын алтын құрсақты ана үлкен әулеттің атұстары, жеті жасар ұлын да осы кезден еңбекке баулуда. 

Шолпан секілді ата кәсіпті қолға алған тағы бір нәзік жан - жалағаштық Қалдыгүл Төрешева. Ол «Сыбаға» бағдарламасының арқасында қорасын мүйізді ірі қараға толтырып, шаруа қожалығын құрды. Еңбеккеш отбасы қазіргі таңда сиырдың еті мен сүтін нарыққа шығарып, ауыл тұрғындарына табиғи таза өнімдерін ұсынуда.  

Қалдыгүл Төрешева, кәсіпкер:

Малды көбейтіп жатырмыз, бордақылап жатырмыз, етке өткізіп жатырмыз. Кредитімізді жауып тастадық.

Алдағы уақытта кәсіпкер әйел құс шаруашылығына да бет-бұрып, қаз өсіруді жоспарлауда. Шаңырағын ұйыстырып, кәсібін өрістеткен жалағаштық көпбалалы аналар осылайша өзгелерге еңбекпен табысқа жетудің озық үлгісін көрсетіп отыр. 

 Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу