Түркі тілдес мемлекеттердің ортақ сауда палатасы құрылады

14.10.2019

Соның нәтижесінде бауырлас елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық кеңейе түседі. Бұл туралы бүгін Бакуде өткен Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында айтылды. Ертең Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің VII саммиті өтеді. 

Ал бүгінгі жиында cаммитте кол қоюға жоспарланған құжаттардың жобалары мақұлданды. Сонымен қатар, тараптар бірқатар ортақ келісім жасасты. Айталық, Әзірбайжан мен Қазақстан визасыз тәртіп уақытын 90 күнге дейін созуға уағдаласты. Бұдан бөлек, екі елдің азаматтары тіркеусіз бір айға дейін жүру мүмкіндігіне ие болмақ. Ал биылғы cаммит «Мүше мемлекеттердің шағын және орта кәсіпорындарын қолдау» тақырыбына арналады.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі: 

Түркі кеңесінің экономикалық және гуманитарлық бағыты жұмыс істейді. Әрине, экономикалық жағынан өздеріңіз білесіздер, сауда палаталары бірігіп, ортақ сауда палатасы құрылмақ. Ол осы бағытта сауда мен экономика, инвестиция жағынан кіші және ортақ бизнес ынтымақтастығы дамыту мәселесі көзделуде.

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу