Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құруды тездету қажет – Тоқаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құруды тездету қажет – Тоқаев

01.04.2021

Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі инвестиция интеграциялық қорын құруды жеделдетуді тапсырды. Бұл – біздің елдерге ортақ алғашқы қаржы институты. Оның штаб пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығында орналастыру ұсынылды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен бейресми саммитке бейнебайланыс арқылы Түркі кеңесінің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстан Президенттері қатысты. Сөз алғандар Түркістанды Түркі әлемінің руханы астанасы ретінде танитынын бірауыздан айтты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсы мен адами капиталын, туристік әлеуетін ескеріп Түркістан өңірінде Түркі елдірінің бірлескен арнайы экономикалық аймағын құруды ұсынамын.

Президент трансшекаралық су рессурстарын тиімді пайдалану жайын да шегелеп айтты. Біржақты емес әділ пайдалану елдер арасындағы тұрақтылықтың кепілі-деді. Сонымен қоса, жасанды интелектіні дамыту, ауқымды деректерді талдау, интернет саудасы саласында ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды. 

 Ұлы түркілер білім беру қоры құрылмақ. Осы бастамаға бірінші болып үлес қосқан Қазақ елі бауырлас мемлекеттердің жастарына арнап, Қожа Ахмет Яссауий атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетіне бакалавриат бойынша оқуға 50 грант бөлді. Түркия Президенті «Қожа Ахмет Яссауйдің рухани бірлігі бізді біріктіретін ұлы күш» деді. Бүгінгідей ауыр күндерде, біздің бірлігіміз берік болу керектігіне тоқталды. 

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:
Транскаспий теңіз жолына ерекше екпін беруіміз керек. Еуропа мен Азия арасын жалғайтын су жолы Түркі тектес елдердің гүлденуіне үлес қосады деген ойдамын. Біз осы саладағы жұмысқа жұмыла кірісуіміз керек. Сол үшін халықаралық көлік және жүк тасымалы туралы келісімге қол қою маңызды. Сонымен қоса 12 жылдан бері бас қосып келе жатқан біздің кеңес, алдағы Түркияда өтетін саммитте халықаралық ұйым ретінде заңды құқыққа ие болуы тиіс.  

Түркі кеңесінің Еуропалық кеңсесі Будапеште ашылды. Кеңестің Еуропада ашылған бөлімі, оның халықаралық аренадағы рөлін арттыра түсері сөзсіз. Саммит жұмысын қорытындылаған Қасым-Жомарт Тоқаев: «тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ құба-құп», -деп ұсыныс тастады. Осы және басқа ұсыныстар Түркістан декларациясына қосылып, құжат болып бекіді. 

Ғабит Бөкенбай

Хабарламаларға жазылу