Көкшетауда жаңадан салынған бірнеше көпқабатты үй бұзылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда жаңадан салынған бірнеше көпқабатты үй бұзылуы мүмкін

11.10.2019

Көкшетауда жаңадан салынған бірнеше көпқабатты үй бұзылуы мүмкін. Сот осындай шешім шығарды. Себебі құрылысқа жер заңсыз берілген. Нысандардың ішінде толығымен аяқталған баспаналар да, салынып жатқандары да бар. Кәсіпкерлер болса, жердің заңсыз берілгеніне біз кінәлі емеспіз деп, сот шешімімен келіспей отыр. Мәселенің мән жайын тілшіміз айтсын.  

«Сұңқар» мөлтек ауданында орналасқан бұл көпқабатты үйдің құрылысы 2018 жылы басталды. Баспананың соңғы, яғни 5-інші қабатына жеткенде нысанды бұзу туралы сот шешімі шығады. Кеткен шығын көлемі — 300 миллион теңге шамасында. Аяқталмаған нысанды бұзудың өзіне тағы 40 миллион теңгедей қаржы керек.

Әлия Рамазанова, кәсіпкердің өкілі:

Бізге жерді Көкшетау қаласының әкімдігі Жер кодексінің 48 бабына сәйкес, өтініш негізінде берді. Құрылысқа рұқсат беретін барлық құжаттарды рәсімдедік. Прокуратура тексерісінен кейін жер телімдері аукцион арқылы берілу керектігі анықталды. Заңсыз болса, неге берді? Біз құрылысты бастап қойдық қой. Енді, міне, нысанды бұзыңдар деп жатыр.

Ермек Елберген, тілші:

Бұзылуы тиіс ғимараттардың тағы бір санаты — қаланың детальді жоспарлау жобасына сай келмейтін нысандар. Дегенмен оларды салуға да алғашында рұқсат берілген. Қазір мына үйлердің, қолданысқа беру құжаты болмаса да, азаматтар тұрып жатыр. Сондықтан құрылысшылар бұзуды қоя тұрып, өзге амалдарды қарастыруды сұрайды.

Бұл қаладағы жалғыз үй емес. Прокуратура 2018 жылы Көкшетауда 379 жер телімінің аукционсыз, яғни заңсыз берілгенін анықтаған. Қазіргі уақытқа дейін оның шамамен жартысы мемлекет меншігіне қайтарылды. Бар мәселе жерді игеріп үлгерген кәсіпкерлерге қатысты туындап отыр.

Валентина Геращенко, Облыстық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің төрайымы:

Жергілікті атқарушы органдар өздерінен кеткен қателікті мойындады. Бірақ қаржылық шығын тек кәсіпкерлердің тарапынан болып отыр. Олар ақша жұмсады, жұмыс атқарды. Енді оның барлығы далаға кетіп отыр. Сондықтан біз мәселенің оң шешілуін сұраймыз.

Жерді аукционсыз таратқан жер қатынастары, құрылысқа рұқсат берген сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары түгел ауысқан. Сондықтан қазіргі жетекшілері ештеңе айта алмаймыз деп ақталуда.

Қуаныш Амралин, Ақмола облысы прокурорының орынбасары:

Прокуратуа тексерісінің нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың басшылары жұмыстан шығарылды. Иә, жекелеген жағдайлар бар. Қолданысқа берілген, құрылысы аяқталған, аяқталуға жақын нысандар аз емес. Оларды жеке, жан-жақты қарауды ұсындық.

Осылайша, бұл мәселенің нақты шешімі табылған жоқ. Кейбір істер бойынша аппеляциялық соттың қаулысы бар. Кәсіпкерлердің ендігі үміті кассациялық сотқа жүгіну болып отыр.

Ермек ЕЛБЕРГЕН


Хабарламаларға жазылу