Президент Ақтау қаласына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Ақтау қаласына жұмыс сапарымен барды

10.10.2019

Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қолданысқа берілді. Сонымен қатар тарихи тұлғаның ескерткіші ашылды. Мемлекетіміздің даму жолында аянбай еңбек еткен қайраткерді құрметтеу рәсіміне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып қатысты.

Қазақтың абызы атанған, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Биіктігі үш жарым метр. Мүсіншілер өздеріне жүктелген міндетті шебер орындаған. Мұражайдың алдында мен мұндалап тұр. Осынау тарихи сәтке Маңғыстаулықтармен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та куә болды. Халықтың алдында сөз сөйлеп: «Әбіш Кекілбайұлының елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін айтты, қашан да азаматтық қалпын үлгі тұтып, ұрпаққа қалдырған мұрасын ұлықтауымыз керек»,- деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әбіш Кекілбаев қазақтың болмыс-бітіміне әлемдік кеңістіктен көз салған кемел ойдың иесі. Ұлы Абай: «Өлді деуге болама ойлаңдаршы, өшпейтұғын артына сөз қалдырған»,- дейді. Әбіш Кекілбаевтың шығармалары ғасырдан ғасырға ұласатын рухани құндылық болып қалатыны сөзсіз. Әбіш Кекілбаев ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Елбасының сенімді серігі ретінде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор.

Ескерткіштің ашылуынан кейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи өлкетану мұражайын аралап көрді. Мемлекет басшысы осы өңірге сәуір айында жасаған сапарында облыс басшылығына осы нысанның құрылысын жеделдетуді тапсырған еді. Аз уақыттың ішінде заман талабына сай бой көтерген ғимарат сапалы салынған. Жалпы жер көлемі 7,7 гектар. Ғимараттың жалпы көлемі 46 мың шаршы метрден асады. Қолданылған материалдардың 80 пайызы отандық. Сәулетшілер жобалау барысында ұлттық нақышқа басымдық берген.

Ербол Мәндібек, тілші:

Қазақтың атақты академигі Зейолла Қабдолов Әбіш Кекілбайұлына сабақ берген ұлы ұстаздардың бірі. Ол кісі өзінің шәкіртін жоғары бағалаған. «Шынымен, шыңырау, нағыз ғұлама»,- депті. Әбіш Кекілбайұлына қатысты құнды мәліметтер, қажетті ақпараттар осы мұражайда сақтаулы. Ендігі жерде Маңғыстау жеріне табан тіреген туристер болсын, еліміздің әр өңірінен келген қонақтар да осында келіп рухани азық алады. Өз ұлтыңа адал қызмет етудің үздік үлгісін осы жерден табасың. Артына өшпес із қалдырған абыздың өнегелі өмірімен танысуға толық мүмкіндік бар.

Мұражайдың тарихи өлкетану атануының да өзіндік мәні бар. Әбіш Кекілбайұлы өз өмірінде, қызмет жолында туған жерінің, жалпы қазақ даласының тарихи-мәдени ескерткіштерін мән беріп, зерттеуге үлкен үлес қосқан. Ұлы даланың тарихи айшықтарын көздің қарашығындай сақтауға қызмет етіп, оны насихаттауға күш салған. Маңғыстаудың өлкетанулық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, тарихи табиғи ескерткіштеріне көңіл бөліп, өзінің шығармашылығында көрсетіп отырғаны мәлім.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Заңғар жазушыны Елбасымыз...

Әбіш Кекілбайұлының өткен өмірі, азаматтық болмысы, әлемді мойындатқан шығармалары, еңбек жолы, қилы тағдыры зиялы қауым тарапынан жіті зерттелуде. Мысалы, биыл Әбіштің соғысқа аттанып, қаза тапқан әкесі Кекілбайдың жатқан жері анықталыпты. «Анасы Айсәуленің де Әбішке берген тәлім-тәрбиесі, еңбек адамы ретіндегі бейнетқорлығы бүгінгі ұрпақ үшін үлкен үлгі»,- деді мамандар.

Ғалия Шынтемірова, мұражай меңгерушісі:

Айсәуле әже қазіргі заманғы апаларға, сіңілдеріміз, қыздарымызға да өте үлкен үлгі болып саналады. Ол кісі қиын заманда төзімді болып, балаларын ешкімге шұқыттырмай өсіріп, тәрбиелеп шығарған.

Ербол Мәндібек, тілші:

Әбіш Кекілбайұлы орталығының құрылысы кешенді. Мұражай, кітапхана, көрме залы салынса, ендігі кезекте осы тарихи өлкетану мұражайының жанынан театр салынбақ. Оның орны анықталған, инфрақұрылымы дайын, сәулет нұсқасы бекітілген. Айта кетейік, биыл Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығы аталып өтіледі. Қазіргі уақытта республика бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, осы Маңғыстауда «Әбіш әлемі» атты халықаралық театр фестивалі өтуде. Туған жері Шетпедегі Оңды ауылына да айрықша назар аударылуда.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу