Сарайшық қаласының орнындағы қазба жұмыстары кезінде көне қақпа табылды

09.10.2019

Төл тарихымызға тың серпін берер сенсациялық жаңалық. Қасым хан тұсында қазақ астанасы болған Сарайшық шаһарының орнынан, алып қамалдың қабырғалары мен мұнарасы табылды. Болжам бойынша, бұл — қаланың кіре беріс қақпасы болуы мүмкін. «Өйткені тастан тұрғызылған нысан, өте берік әрі биік болған»,- дейді ғалымдар. Бүгінде мамандар 6 ғасырдың куәсі болған тас қорғанның бір бөлігін жер астынан аршып қойды.

Орта ғасырлық Сарайшық қаласының 700 жылға жуық тарихы бар. Деректерде 7 хан билік құрған делінеді. Сыр тұнған мекенде кешенді қазба жұмыстары 1937 жылы басталған. Осы уақыт аралығында ғалымдар түрлі жаңалықтарды ашты. Бірақ қамал қабырғасы мен мұнарасы, мұнда тұңғыш рет табылып отыр.

Вячеслав Плахов, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог /Ресей/:

Біз айтарлықтай жаңалыққа қол жеткізіп отырмыз. Бұл нысанды, әскери маңыздағы қамал болған деп те түсіндіре аламын. Өйткені өз заманында өте берік болғанын байқадық. Оған дәлел, мына тастардың ірілігі мен сол қалпында сақталуында. Тіпті, тіреуіштері де бар.

Қамалдың жалпы құрылымы жақсы сақталған. Оны толықтай қалпына келтіруге болады. Археологтар болжам бойынша, оның биіктігін 3 қабатты үймен теңестіреді.

Жандос Темірғали, тілші:

 Бұл қамал қабырғасының бір бөлігі ғана. Шамамен қалыңдығы 2 жарым 3 метрге дейін. Археологтардың айтуынша, дәл осы жерде қақпасы және іргетасы болған. Ал бұл шаһарға кіретін негізгі жол.

Вячеслав Плахов, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог /Ресей/:

Біз қазып жатқан қамал, болжам бойынша, мына суреттегідей. Салынғанда жауға төтеп беру жағы да ойластырылған екен. Өйткені қамалдың айналасы ор болған. Ішіне кіретін бір-ақ қана жолды көруге болады.

Бүгінде 3 мың шаршы метр жерде қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. 4 топқа бөлініп, алпыстан астам адам еңбек етуде. Жуық арада негізі шаруа аяқталады. Ендігі міндет — аршылған мұраны жауын-шашыннан қорғау.

Айгүл Рамазанова, Облыстық тарихи өлкетану музейі тарих бөлімінің маманы:

Биылғы ашылған қазба орынын сақтап қалу мақсатында, консервациялау жұмыстарын бастамақшымыз. Ол үшін арнайы материалдар алынып, алдағы уақытта бастаймыз жұмыстарды. Негізгі мақсат— көрермендерге келесі жылы да осы тарихи орынның қаз қалпында сақталған көрінісін көрсету.

Жауаптылар жер астынан аршылған қала бөліктерін, ашық аспан астындағы музейге айналдырмақ. Осылайша, тарихымыздың айқын көрінісін көпке паш етпек.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу