Семейде өзен жағасына құрылыс қалдықтары төгілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде өзен жағасына құрылыс қалдықтары төгілген

09.10.2019

Семейде Ертістің жағалауын қоқыспен бекітіп жатыр. Қаладағы түрлі нысандардан шыққан құрлыс қалдықтары 3 жылдан бері өзен жиегіне төгілуде. Жергілікті әкімшілік өкілдері бұл жағлаудың шайылып жатқан бөлігін бекітудің амалы дейді. Ал тұрғындар бұл әрекет табиғатқа жасалған қастандық деп отыр.

Ержан Жақып, тілші:

Асфальт, бетон, темір терсектің қалдықтары қазір тонналап осылай жағалауда үйіліп жатыры. Мұны жергілікті әкімшілік Ертістің жағалауын бекітуге қолдануда. Ал тұрғындар болса, бұл табиғатты ластаумен тең деп дабыл қағуда.

Анатолий Окуленко — қоқыстың осылайша бейберекет жағалауға төгіліп жатқанын көріп, дабыл қаққандардың бірі. Бұл барып тұрған бассыздық деп санайды. «Мұндайға жергілікті әкімшілік неге жол беріп отырғандығын түсінбеймін», -дейді ол. Үш жылдан бері тоқтаусыз төгілген қалдық, қазір тау- тау болып үйіліп қалған.

Анатолий Окуленко, қала тұрғыны:

Үшінші жыл болды бұл жалғасып келеді. Мына жерге әкеліп үйеді. Қаладан шыққан қалдықтарды ғана емес, әуежай құрлысынан шыққан асфальт, оның астына төселген пленка бәрін әкелді. Бәрін Ертіске итеріп жатыр.

Заңгер Берікқали Бектеміров те «бұл сұмдықты алғаш көргенде жағамды ұстадым» дейді. Қалалық әкімшілік осындай әрекетімен, табиғатқа орасан зиян келтіріп отырғандығын айтады. Шенеуіктер әкімшілік кодекс пен су кодексін өрескел бұзды деп санайды.

Берікқали Бектеміров, заңгер:

Бір жерде жұмыс басталса, сол жерден шыққан қоқыстың бәрін әкеліп жатыр. Су кодексін алсақ ондағы 113, 114-ші, 126-шыдан бастап, 131-ші бапқа дейін бұзылып жатыр.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қалдықтарды тасып жатқандығын пайдаланған кейбіреулер, бұл жерге тұрмыстық қалдықтарды да төгетін болған. «Сөйтіп жағалау, үлкен қоқыс алаңына айналып барады», -дейді жұртшылық. Ал жергілікті әкімдік мамандары жағалауды жедел бекітпесек, Бейбітшілік аралында орналасқан ауыз су қабылдау нысанын өзен шайып кету қаупі бар екенін алға тартты. Сондықтан осындай шешімге келдік деп ақталуда.

Асан Дүйсенбаев, Қалалық ТҮКШ бөлім меңгерушісі:

Сынған бетондар, плиталардың бөліктерін Ертістің жағасына шығарып жатырмыз. Жағалауды осылай бекітудеміз. Ал ол жерге өзге де қоқыс тастап жатқандар болса табиғатты қорғау полициясымен жұмыс істейтін боламыз.

Талапқа сай келмесе де, тапқан амалымыз әзірге осы деген мамандар, бұл жұмыстардың әлі жалғасатындығын айтады. Ал қаладағы шайылып жатқан жағалауларды бекіту үшін, сметалық жобалық құжат жасалып жатқан көрінеді. «Ол дайын болғанда келесі жылдан бастап жұмыстарды талапқа сай орындаймыз»,- дейді. Тек тұрғындар шенеуіктерден қазіргі істеліп жатқан жұмыстарды дереу тоқтатып, жағалауды құрлыс қалдықтарынан тазартуды талап етіп отыр.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу