Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің оқытушылары еш себепсіз жұмыстан шығарылғандарын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің оқытушылары еш себепсіз жұмыстан шығарылғандарын айтты

08.10.2019

Алматыда Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің оқытушылары себепсіз жұмыстан шығарылып жатыр. Сондықтан ұстаздар қызметкерлер үшін берілетін жатақхананы босатуға да мәжбүр. Дегенмен, ұзақ жылдар университетте қызмет еткен олар бұдан басқа барар жеріміз жоқ деп наразылық танытты.

Ақмарал Исабекқызы осы оқу орнында 18 жыл жұмыс істеген. 2007 жылдан бері жатақханада айына 42 мың теңге төлеп тұрған. Алайда, университет басшылары өткен жылдың аяғында арадағы келісімшартты бұзып, себепсіз жұмыстан шығарған.

Ақмарал Бейсебаева, қала тұрғыны:

Мені Нұрымбетов шақырып алып: «Неге біздің жүйеге қарсы шығасың?» - деді. «Сен бөлмені босатып бер, біз сені инспектор жасадық. Сол жалақымен пәтер жалдай бер»,- дейді. Маған айтады. Қыстың күні. Менің ешқандай қарызым болмады. Мен ректорға да жаздым...

Қызметтен қуылғандардың тағы бірі — Бота Асылбекқызы. Ол техникалық университетте 13 жыл еңбек етіпті. Тіпті, соңғы айларда 30-40 мың теңге жалақыға да көніп, жұмыс істеп келген.

Бота Асылбекова, қала тұрғыны:

Енді мен басқа жақтан да жұмыс іздеуге талпынып жатырмын. Бір жерде қолымды қусырып отырмаймын. Мен жатақхананы босату үшін мен қазір далада қалмаймын ғой екі баламды құшақтап. Мен қайда барам?

Университет басшылары мұғалімдерге қатысты ешқандай заңсыз әрекеттерге бармадық деп отыр. Жатақхана студенттерге арналған. Ал жұмыстан айырылған оқытушылар университет қызметкерлерінің қатарында болмағандықтан, бөлмелерін босатуға тиіс екен.

Айнұр Исаева, Қызметкерлерді басқару департаментінің директоры:

Жұмыстан шығарғанымыз рас. Заңсыз түрде шығарды деп шу шығарса, сотқа барсын. Себебі ол кісілер бұл жерде тұруға заңды түрде құқығы жоқ.

Бұрынғы мұғалімдер жатақханадан өз еркімен кетпегендіктен, университет басшылары сотқа жүгінген. Сондықтан сот орындаушылар мен арнайы мамандар келіп, бөлмелерді босатуды талап етті.

Қайсар Әлиев, сот орындаушы:

Соттың шешімі 4-ші желтоқсанда 2018 жылы заң күшіне енген. Осы тұрғыда бұл жерден шықпай жатыр, біз шығарып жатырмыз.

Оқу орны өкілдерінің сөзінше, биыл 200-ден астам білім алушыға жатақханадан орын тимеген. Енді босаған бөлмелерге сол студенттер орналасады. Ал баспанасыз қалған мұғалімдер құзырлы органдарға арнайы хат жазып, арызданбақшы.

Амангелді СЕЙІТХАН, Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу