Швецияның үш бірдей жоғарғы оқу орны «Болашақ» бағдарламасының тізіміне кірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Швецияның үш бірдей жоғарғы оқу орны «Болашақ» бағдарламасының тізіміне кірді

06.11.2018

Қазақстандық студенттер енді елдің Лунд, Каролин және Швед ауыл шаруашылығы университеттерінде оқи алады. Үздік білім ордаларының оқытушылары қазақстандық әріптестерімен білім-ғылымды бірге дамытып, өзара тәжірибе алмасуға құлшынып отыр. Сондай-ақ, қазақтың еті мен ішетін шайын терең зерттемек ниетте.

Швед ауыл шаруашылығы университеті «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазақстандық студенттерді қабылдауға сақадай сай. 1977 жылы құрылған мемлекеттік оқу ордасында 4 факультет, 36 кафедра мен бірнеше ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. 

Вадим Кесслер, Швед ауыл шаруашылығы университетінің Молекула ғылымдары институтының директоры:

- Біз қазақстандық жоғарғы оқу орындарымен ынтымақтастықты арттырып, студенттермен тәжірибе алмасқымыз келеді. Біз минералдарды өндіруге арналған табиғи үйлесімді технологиялар әзірлеумен айналысамыз. Сондықтан, біз үшін минералды ресурстарға бай Қазақ елімен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды.

Университет ұжымына Қазақ елімен, қазақстандық оқу орындарымен байланысты бекемдеуге жерлесіміз Гүләйім Сейсенбаева көмектесіп жүр. Қазақ Ұлттық университетін, Мәскеу мемлекеттік университетін тәмәмдаған ол 1999 жылы осы білім ордасына шетелдік ғалым ретінде арнайы шақыртумен жұмысқа орналасқан. Химиялық материалдар бойынша докторлық диссертацияны да осында қорғаған. «Терең білімін қазақ жастарына берсем, туған жердің дамуына үлес қоссам», - дейді қандасымыз. Сол мақсатта жазда өзі Алматыға арнайы барып, Қазақ Ұлттық университетімен Қоршаған ортаны қорғау орталығын ашуға уағдаласқан. Енді Қазақ-Британ техникалық университеті мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университінің студенттеріне дәріс оқымақ.

Гүләйым Сейсенбаева, Швед ауыл шаруашылығы университетінің химия материалдары саласындағы профессоры:

- Біз Қазақстан үшін маңызды мәселелердің бірі - суды тазарту бойынша іскерлікті арттырғымыз келеді. Ауызсуды тазарту үшін бөлшектер жасап, оның жоғарғы жағына арнайы молекулаларды орналастырамыз. Сол молекулалар судағы ауыр металдарды жойып отырады. Бізде соңғы үлгідегі құрал-жабдықтың бәрі бар. Сондықтан, қазақстандық студенттермен, ғалымдармен ғылыми жобаларды бірігіп зерттесек, керемет болар еді.

Швед ғалымдары бір жыл бұрын қазақ етінің құнарлылығын зерттеуді бастаған. Жақында тағы бір жобаны қолға алмақ.

Галия Замараткая, Швед ауыл шаруашылығы университетінің Тамақ ғылымдары кафедрасының доценті:

- Біз Қостанай университетімен шайды зерттеу туралы жоба ойластырдық. Шай қазақтардың ең сүйікті сусыны екенін білеміз. Бірақ, сол шайды дәрі-дәрмекпен бірге ішуге бола ма? Сол тұсы белгісіз. Себебі, шайдың құрамындағы биоактивті компоненттер медициналық препарат пайдаланып жүрген адамның ағзасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Осыған жол бермеу үшін зерттеуіміз қажет.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесі тек 2-3 жылдан кейін ғана белгілі болады. Осы уақыт аралығында қазақ-швед ғалымдары адамның ағзасына зиян тағамдар мен табиғатқа қауіпті қалдықтарды жоюға бағытталған тағы біраз тың жобаны жүзеге асырмақ ниетте.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу