Қостанайда жатақхана мәселесін шешу үшін биыл төрт жатақхана ғимаратының құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда жатақхана мәселесін шешу үшін биыл төрт жатақхана ғимаратының құрылысы басталды

04.10.2019

Президент жолдауында белгіленген меженің бірі — білім беру сапасын жақсарту. Бұл үшін бірінші кезекте осы саладағы әлеуметтік ахуалды оңалту міндет. Мысалы, қазір елімізде студенттерге жатақхана жетіспейді. Осы өзекті мәселені шешу үшін биыл Қостанайда төрт жатақхана ғимаратының құрлысы басталды.   

Жансұлу Әзімбек Қостанайға арман қуып, оңтүстік өңірдегі Сарыағаш ауданынан келген. Қазір шет тілі мамандығы бойынша 2 курста оқып жатыр. Оның жолы болды. Бірқатар құрбылары тәрізді сабылып баспана іздеп, қымбатқа пәтер жалдаған жоқ. «Серпін» бағдарламасының қатысушысы ретінде бірден жатақханаға орналасты.

Жансұлу Әзімбек, студент:

Бір бөлмеде бес қыз тұрамыз. Татумыз. Бір-бірімізге көмектесеміз. Бір үйдің адамындай болып кеттік.

Алайда Жансұлу оқитын оқу орнындағы студенттердің тек 30 пайызы ғана жатақханамен қамтылған. Қалғаны пәтер жағалап жүр. Бұл түйткілді шешу үшін университет жанынан биыл 336 адамға шақталған төрт жатақхана ғимаратының құрлысы басталды. Құрлысқа қажетті 700 миллион теңге оқу орнының өз қазынасынан бөлінді.

Еркін Әбіл, Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры:

Әрбір осы жатақханаға кірген балаға мемлекет 8 жылдың ішінде 122 айлық есептік көрсеткіш бойынша ақша төлейді университетке. Сонда 8 жылдың ішінде бізге мемлекеттен 800 миллион теңге қайтарылады.

Яғни оқу орны бұл жұмысты мемлекет қолдауымен жүзеге асырып жатыр. Қазір университетте 460 орындық бір жатақхана ғана бар. Іргетасы сонау алпысыншы жылдары қаланған ғимарат күрделі жөндеуге мұқтаж.

Балға Дәулетбаев, Шаруашылық департаменті басшысы:

Негізгі күрделі жөндеуді қажет ететін ғимараттың сыртын қаптау мен жылыту. Электрлік жүйені жаңарту қажет. Биыл осы екі іс-шараға жобамыз дайындалды.

Жаңа жатақханалардың құрлысы алдағы жазда аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Сонан соң ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұған жобаға сәйкес 60 миллион теңге көлемінде қаржы қажет.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу