Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Сочи қаласына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Сочи қаласына барды

03.10.2019

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ресейдің Сочи қаласына ұшып барды. Бүгін ол «Валдай» пікірталас клубының XVI отырысына қатысып, сөз сөйлейтін болады. 

«Валдай» - әлемдегі ең салмақты халықаралық пікірсайыс алаңдарының бірі. 2004 жылдан бері бұл алаңда Ресейдің сыртқы және ішкі саясатын бес саусақтай білетін танымал сарапшылар жиналып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап келеді. Ал биылғы жиынның ерекшелігі - бірнеше мемлекеттің басшылары да қатыспақшы. Оның өзіндік себебі бар. Ол жайында тілшіміз Шынар Асанқызы Сочиден байланысқа шығып, толығырақ айтып береді. 

Шынар Асанқызы, тілші:

Біз қазір Сочидің ең биік нүктесі деуге келе қоймас, бірақ теңіз деңгейінен 1400 метрдей биіктікте тұрмыз. «Валдай» пікірсайыс клубының XVI отырысы 4 күннен бері тау бөктеріндегі осы демалыс аймағында өтіп жатыр. Бұған дейін айтқанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің шақыруымен бүгін Сочиге ұшып келді. Бүгін кешкі сағат 20:00-де басталатын пленарлық сессияда Қазақстан мен Ресей Президенттерінен бөлек, Әзірбайжан, Филиппин, Иордания секілді Шығыс Азия елдерінің басшылары да сөз сөйлейтін болады. Өйткені «Валдайдың» XVI отырысы әлемдік саясаттағы Шығыс елдерінің рөлін талқылауға арналып отыр. Клуб отырысына барлығы 37 елден 143 сарапшы қатысады. 

«Валдай» клубының отырысына қатысушылардың тізімі Ресейдің шығысқа бет бұрғанын көрсетсе керек. Әлемдік сахнада ұзақ жылдар бойы Батыс мемлекеттері басты ойыншы болып келсе, қазір жағдай басқа. Батыстан шығысқа бет бұрылып келеді. Азия аумағы біртіндеп жаһандық саясаттың орталығына айналуы әбден мүмкін. Яғни, қазіргі геосаяси жағдайға Шығыстың ықпалы қандай екені, Еуразия кеңістігіндегі саяси және экономикалық дамудың келешегі және Таяу Шығыс мәселелері қаралады. Сондай-ақ, жоспар бойынша, жалпы отырыстың алдында Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесі Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізбекші.

Хабарламаларға жазылу