Аңғар ауылында тұратын көпбалалы ананың еңбегі айтуға тұрарлықтай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аңғар ауылында тұратын көпбалалы ананың еңбегі айтуға тұрарлықтай

01.10.2019

«Дүниеде тегін ештеңе жоқ. Бәрі еңбекпен келеді». Арқалық қаласына қарасты Аңғар ауылында тұратын көпбалалы ана — Гүлнәзия Жарекинаның ұстанымы осындай. Алты баласы бар ананың жәрдемақыға ғана қарап, қол қусырып отырған кезі жоқ. Өзінің малы болмаса да кезінде ауылдан сүт жинап, сатып табыс тапты. Кейін мемлекеттің қолдауымен сиыр сатып алды. Енді соны көбейтіп, өнімін саудалап, отбасының кірісін еселеп отыр.

Аяжан биыл 12-де. Оқу үлгерімі жақсы. Сабағына да үлгереді, үй шаруасын істеп ата-анасына да қолқабыс етеді. Қазір өзінен екі жас үлкен апасы Аружанмен бірге албардағы шөпті жинап жатыр. Қысқа қапысыз қамдану қажеттігін бала болса да жақсы түсінеді.

Аяжан Қарағұл, оқушы:

Төсек жинаймын, үй сыпырамын. Таңертең ерте тұрып сиыр айдаймын. Кешке бұзауды, қойларды айдап келемін. Әлі сиыр сауа алмаймын, бірақ мамамнан қарап үйреніп жүрмін.

Үйелмелі-сүйелмелі алты баланың ересектері кішісіне қамқор. Бой-басына қарайды, сабағына жәрдемдеседі. Бұл отбасының балалары еңбекке ерте араласады. Үйдегі тәрбие солай.

Гүлнәзия Жарекина, көп балалы ана:

Өзіңді – өзің көтеріп бірдеңемен айналысып, тіршілік ету керек. Өзің тіршілік қылмасаң ештеңе жоқ. Бұ дүниеде тегін ештеңе жоқ. Бәрі еңбекпен келеді.

Отанасы Гүлнәзия кезінде ауылдан сүт жинап, оны 15 шақырым жердегі Арқалыққа апарып, өткізіп кәсіп қылды. Ал 2016-шы жылы мемлекет қолдауымен үш сиыр сатып алған. Қазір сол түлігі төлімен көбейіп, саны сегізге жетті.

Гүлнәзия Жарекина, көп балалы ана:

2019-шы жылы грант алып, құлынды бие сатып алдым. Алдағы жылы құлындаса сүтін қалаға апарып сатсам ба деймін. Биенің сүтін сұрайтындар көп.

Отағасы ерте көктемнен қар түскенше ауылдың малын бағады. Қыста да қарап жатпай, қорадағы түлікті күтеді. Гүлнәзия алдағы уақытта тағы несие алып ауылдан наубайхана ашуды көздеп жүр. Оның бұл бастамасына ауыл әкімі мен әлеуметтік сала мамандары жан-жақты қолдау көрсетуге әзір.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу