Президент Тоқаев Сингапур Республикасының Премьер-Министрі Ли Сян Лунмен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Тоқаев Сингапур Республикасының Премьер-Министрі Ли Сян Лунмен кездесті

01.10.2019

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения астанасы Ереванда өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысып жатыр. Жиын басталмас бұрын мемлекет басшысы Сингапур Республикасының Премьер-Министрі Ли Сян Лунмен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы және көлік-логистика салаларындағы байланысты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Бүгін Сингапур Еуразиялық Экономикалық Одақпен еркін сауда аймағын құру туралы келісімге келуі тиіс. Бұл одаққа мүше елдердің де нарықтағы мүмкіндіктері кеңейе түседі деген сөз. Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың үкімет басшысын Қазақстанға шақырды. Ли Сян Лун ұсынысты қабыл алып, қазақ Президенті де Сингапурға сапармен келетініне үміт білдірді. Сондай-ақ мемлекет басшысы Иран президенті Хасан Руханимен де келіссөздер жүргізді. Бұл жүздесуде де тараптар сауда-экономикалық бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту тетіктерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Иран - біздің тату көршіміз, серіктесіміз. Біздің арамызда ынтымақтастық қарым-қатынас өте жақсы. Тұңғыш президентіміз бұл салада үлкен жұмыс істеді. Тіпті, жол ашып берді деп айтуға болады. Енді менің мақсатым осы қарым-қатынасқа қосымша серпін беру деп ойлаймын. 

Хасан Рухани, Иран Ислам Республикасының президенті:

Сіз президент болғалы біз алғаш рет кездесіп отырмыз. Сондықтан алдымен Қазақстан Президенті лауазымыңызбен құттықтаймын. 

Хабарламаларға жазылу