Жол сапасы жіті бақылауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жол сапасы жіті бақылауда

27.09.2019

Аталған саладағы мердігерлердің жұмысын қадағалау үшін елімізде Ұлттық сапа орталығы құрылған. Бұл мекеменің мамандары республикалық маңызы бар жолдарды ғана емес, облыс және елді мекен арасындағы жолдардың сапасын да тексеріп жатыр. Бүгін орталық басшысы жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барып, салынып жатқан және жөндеуден өткен бірқатар жолдың жай-күйімен танысты. 

Жаңа Ахмер кентіне баратын тасжолдағы асфальт кейбір жерде қайта төселеді. Өйткені жол үстіндегі жұмыстар сапасыз жасалған. Ұлттық жол активтері сапасы орталығының мамандары мұндай кемшіліктерді арнайы тексеріс барысында анықтады. Жол сапасын бақылау шарасына қоғамдық бірлестік өкілдері де қатысты. Олардың пікірінше, жолдар жақсы болуы үшін алдымен осы саладағы жемқорлықты жою керек. 

Түсіпхан Түсіпбеков, «Алтай асуы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Кеселдің бәрі - осы жемқорлықта. Осыдан 10 жыл бұрын Қытайдың жол қызметкерімен сөйлескенде «бізде де жемқорлық бар, бірақ сіздерде метрлеп, бізде миллиметрлеп жейді», - деп күліп еді. Әсіресе, осы жолда. Мен ойлаймын, соның бәрі болмаса да, бір шындығы бар.

Жемқорлықпен күресуге жауапты азаматтар Ұлттық жол активтері сапасы орталығымен рейдке шығуды әдетке айналдырмақ. Жалпы, жол сапасын бақылау жұмысына кез келген адам өз үлесін қоса алады.

Ренат Нәбиев, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің басқарма басшысы:

Халықтық бақылау дейміз ғой. Ертең бізге халық айтып отырса, біз жоспарға қарамай, халықтың арызы немесе шағымы бойынша да сол жолдарға, учаскілерге міндетті түрде шығамыз. 

Сапалы салынған жол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан Ұлттық сапа орталығы жолдың сапасын қатаң бақылауға алды. Бұл үшін материалдық-техникалық базаны да нығайтып жатыр. 

Замир Сағынов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры:

17 филиалымыз бар. Сол 17 филиалда жылжымалы зертханамыз бар және станционарлық зертханамыз бар. Материалдық-техникалық база негізінде жеткілікті. Жыл сайын 200-300 миллион теңгеге, базаны нығайту үшін, қосымша құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отырмыз. 

Жылжымалы зертхананың мамандары бұл күні бірнеше учаскіден сынама алды. Сараптама қорытындысы дұрыс болмаса, мердігер компанияға кемшіліктерді жою бойынша хат жолданады. Ескертуді елемеген кәсіпорындар заң бойынша жауапкершілікке тартылады.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу