Алматыда жол құрылысының сапасы жіті тексеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жол құрылысының сапасы жіті тексеріледі

01.07.2021

Алматыда жолдардың 80 пайызы - жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Бұл туралы шаћар басшысы Бақытжан Сағынтаев жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі онлайн-таныстырылым кезінде айтты. Мегаполисте жыл соңына дейін 360 шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жалғасады. Алып шаћар Алматыда күніне 700 мыңдай көлік қозғалады.
Қаладағы жолдың жалпы ұзындығы – 3 мың шақырым. Былтыр оның 260 шақырымына жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізілген. 324 көше орташа жөндеуден өтіп, 90 шақырымға жуық тротуар, 41 аялдама алаңы жаңартылған. Қызу жұмыс қазір Алатау, Түрксіб және Наурызбай аудандарының 8 шағын ауданында жүріп жатыр. Биыл «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында 415 көшеде жаңа жолдар салынбақ. Бұл елдімекендерде 153 мыңнан астам адам тұрады.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі: 
42,8 км жол жаңадан соғылды. Магистральді көшелер мен жол айырықтарда жұмыстарымыз жалғасын тапты. Биыл қарқынымызды көтердік. 360 км жөндеу-құрылыс жұмыстарын қолға алдық. Былтырмен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш.
Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше, қазір қалада қауіпсіз, қолжетімді әрі жайлы көше инфрақұрылымын құру – басты міндет. Сондай-ақ жол құрылысының сапасын арттыруға басымдық беріліп келеді.
Мәулен Әліпов, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы РМК Алматы қалалық филиалының директоры: 
37 млн теңгеге мердігердің қаражатынан жолдың жабыны қайта жасалды. Биыл да жылдың басынан бері 120 тексеріске шықтық, 101 ақау анықталды. Ол ақаулардың 25-і қалпына келтірілді, қалғаны қалпына келтіру барысында. Оған қоса 220 шаршы метр жолдың жабынын қайта жасатуға ұсыныс бердік.
Алматы әкімі жол қозғалысының қауіпсіздігі үшін «Сергек» жобасының да тиімді әрі маңызды екенін атап өтті. Биыл қала аумағында камералар санын 5 мыңға көбейту жоспарланған. Себебі, «Сергектің» арқасында алып шаћар жолдарындағы өлім-жітім 48%-ға, ал жазатайым оқиғалар 29%-ға азайған.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу