Қазақ қаламгерлерінің шығармалары шет тіліне сапасыз аударылып жатыр. Бұл іспен нағыз мамандар емес, осы арқылы ақша тапқысы келетін қулар айналысып жүр. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Халықаралық жазушылар форумында айтылды. 18 мемлекеттен келген 80-нен астам сарапшы әдеби аудармалардың сапасы мен жазушылардың шығармашылық байланысын талқылауда.
Әдебиет үшін аударманың маңызы зор. Өйткені аударма қандай болса, шығарма жайлы түсінік сондай. Ал қазіргі қазақ шығармалары шет тіліне сапасыз тәржімаланады. Жазушылардың айтуынша, аударма бизнеске айналған. Салаға мемлекеттік қордан қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ тиісті мекемелер оған тендер жариялап, шығармаларды кім болса, соған аудартып жүр.
Бигелді Ғабдуллин, Қазақ PEN клубының президенті:
Мысалы, Смағұл Елубайды испан тіліне аударды. Соны испан аудармашыға көрсеткенде ол айтады бұл испан тілі емес деп. Біз айтып отырмыз ғой бізге аудару мәселесі өте маңызды. Тендер арқылы аудармашы табу керек емес.
Осы мәселеге қатысты жазушы Смағұл Елубай шығармаларды шет тіліне аударатын әдеби агенттік құру керек деп есептейді. Ол аударманың сапасына жауап беруі тиіс.
Смағұл Елубай, жазушы:
Ең үлкен жауапкершілік - аударатын адам кім. Ол аударатын адамды таңдау керек. Оны таңдау үшін шет елде осы мәселемен әдеби агенттер айналысады. Олар сол шыққан кітаптан процент алатын болғандықтан, аяғына дейін жауап береді. Өкінішке қарай, Қазақстанда әдеби агенттік дегенді әлі естімеген адамдар көп.
Биыл қазақтың отыз жазушысының отыз әңгімесін алты шет тілге аудару жоспарланып отыр. Шығармалардың бәрі де - ұлттық дәстүр мен этностық ерекшелігімізді танытатын туындылар. «Сондықтан оны әлемдегі ең мықты аудармашылардың қолына беру керек», - дейді жазушылар. Себебі қаламгерлер еңбектер сапасыз аударылып, ешкім оқымаса, мемлекеттік қордан бөлінген қыруар қаржы көкке ұша ма деп алаңдайды.
Аманкелді Сейітхан