Қызылорда облысында «Қорқыт және ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалі өтті. Шараны облыс әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы бірлесе қолға алған. Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылған фестивалге 150-ге жуық түркітанушы ғалым мен өнерпаздар қатысты.
Қорқыт ата мұралары түркі жұртының ортақ қазынасы. Бұл ғылыми ортада дәлелденген тұжырым. Демек құндылықты құнттау да бірлесе атқарар іс. Осы негізде халықаралық фестиваль аясында ғылыми-теориялық конференция өтті. Белгілі фольклортанушы ғалымдардың басын қосқан жиында Қорқыт ата кітабының жаңа нұсқасы таныстырылды. Ирандық кітап коллекционері Вели Мухаммед Ходжа құнды қазынаны Тегерандағы ескі кітапханадан кездейсоқ тауып алған.
Вели Мухаммед, коллекционер /Тегеран, Иран/:
Қорқыт ата кітабын мен Ираннан таптым. Көне түркі-шағатай тілінде жазылған. Әуелгіде ешкім қандай кітап екенін дөп басып білмеді. Кейін түрік, неміс ғалымдары бірлесе зерттеп, эпостың жаңа нұсқасы екенін дәлелдеді. Бұл ізденісіміз ғылыми ортаға Сыр топырағындағы конференциядада таныстырылғанына ризамын.
Осылайша, рухани алтын көмбенің жаңа парағы ашылды. Бұл түбі бір түркі тілдес ел ғалымдарының бірлесе атқарған ісі. Өрелі өнерпаздар да олжасыз емес. Фестивальге 9 елден 30-ға жуық әнші-жыршы мен түрлі аспап үнімен Ұлы дала рухын сездірген орындаушылар қатысты.
Халықаралық өнер фестивалінің жабылу салтанаты Қорқыт ата мемориалдық кешенінде өтті. Тоғыз жолдың торабындағы киелі орын жаңғырту жұмыстарынан кейін жаңаша кейіпке енген. Жүздеген жырауды жүзіктеп, мыңжылдық мәдениет тоғысқан өлке шайырлар мұрасымен көшімен өміршең. Кеште бағзыдан бастау алған ұлттық өнердің асыл жауһарлары шырқалды.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ