Болгарияда қаза тапқан қазақ сарбазына құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Болгарияда қаза тапқан қазақ сарбазына құрмет көрсетілді

09.09.2019

Видин қаласына жерленген Қайыржан Есенгелдинге еліміздің осы мемлекеттегі елшілігінің өкілдері жергілікті билікпен бірігіп белгітас орнатты. Бұл Болгариядан табылған алғашқы қазақ жауынгері. 

Қайыржан Есенгелдин - Ақмоланың тумасы. 3-ші Украина майданының 19-шы атқыштар дивизиясында соғысқан. Алғашқы күннен батылдығымен көзге түсіп, «Ерлігі үшін»медалімен марапатталыпты. 1944-жылы «Белградтағы стратегиялық шабуыл операциясы» кезінде де қазақ сарбазы қайтпас қайсарлық танытты. Бірақ, сол шабуылда алған ауыр жарақаттан көп ұзамай сержант Болгария ауруханасында көз жұмып, Видин қаласындағы зиратқа жерленген.   

Аталарының Болгарияда қаза тапқанын ғаламтор арқылы анықтаған ұрпақтары екі жыл бұрын қабіріне туған жердің бір уыс топырағын салған-ды. Енді міне, Қазақстанның Болгариядағы елшілігінің ұжымы батырға ескерткіш орнатып, рухына тағзым етті. 

Теміртай Ізбастин, Қазақстанның Болгариядағы Елшілігінің басшысы:

Бұл Ресей Қорғаныс министрлігінің мұрағатындағы құжаттарға сәйкес, нақты Болгарияда жерленгені анықталған алғашқы қазақстандық сарбаз. Қайыржан Есенгелдин жеңіс үшін сұм соғыста ерлікпен қаза тапты. Атамызды ұлықтау рәсіміне келіп, осы ескерткішті орнатуға ат салысқан Видин қаласының басшылығына, барша тұрғындарға алғысым шексіз. Іздеушісі барда ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды.      

Огнян Ценков, Видин қаласының әкімі:

Қайыржан Есенгелдиннің туыстары мен елшіліктің ұсынысы бойынша, осы ескерткішті ашуға ат салысқанымызға қуаныштымыз. Біздің бүгінгі бейбіт күніміз үшін қан майданда жанын қиған қазақ сарбазына үлкен тағзым. Жатқан жері жайлы болсын. Болашақ ұрпақ ата-бабаларымыздың ерлігін ешқашан жадынан шығармауы тиіс.  

Болгариядағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері тарихты түгендеп, оғландарды іздестіруді жалғастыра бермек. Дипломаттар бауырын, туысын іздегендерге қолдан келген көмекті көрсетуге дайын. 

 Нұрсұлу ҚАСЫМ 

   

Хабарламаларға жазылу