Жемқорлардан қоғамды қалай тазартамыз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жемқорлардан қоғамды қалай тазартамыз?

07.09.2019

Аңдатпада айтамыз деген ақпаратты тағатсыз тосқан арыстан жүрек ағайын, сөйлейік. Жемқорлық... Жегі құрт сынды осы түсініктің біздің қоғамға еніп кеткені, шенді-шекпенділердің осыған еріп кеткені қатты қынжылтады. Пара беруші бар жерде пара алушы болады, немесе керісінше. Құлқынның құлына айналғандар ақшаны атасынан артық көріп жүргенде жапа шегетін баяғы қарапайым халық. Халық қаласа хан түйесін сояды дейтін қазақтың сөзін ұмытқандар қазір түйесін соймақ түгілі қойының құмалағын қимайтын болды. Мемлекеттің мүддесіне, қарапайым қарашаның қажетіне қызмет етемін деп ант-су ішіп, артынша қарасын көрсетпейтін шенеуніктер бізді көріп отырса айтайын, сіздерге тықыр таянды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жемқорлық қоғамның дамуын тежейтін кесел» екенін, оны жою басты міндеттің бірі екенін ескертті. Елдің есін алып, халықтың қаржысын тонаған шенеуніктер экранның алдында отырса, кеш болмай тұрып ойланыңыздар, жегендеріңіздің желкеден шығар күні алыс емес.  

Бірақ 2016 жылдан бастап 2019 жылдың мамырына дейін осы салада 69 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Мемлекетке 1,8 миллиард теңге залал келген. 24 адам сотталған. Халықтан қара суды қызғанып бюджет ақшасын қалтасына басқан бассыздардың кесірінен жүздеген адам қаталап қалды. Айыптыны айттық, айыпты атадық.

Сыбайлас жемқорлықпен күресетін мамандар мынадай мәліметті мәлім етті: Қазақстанда жемқорлықты жаны сүйетін салалар бар екен. Тізімі міне: әкімдіктер, ішкі істер органдары, мемлекеттік кірістер комитеті. Бұл жақта тірілердің тірлігі үшін ақша бопсалап ардан аттағандар бар. Ал марқұмның денесі үшін теңге талап еткендерге не дерсің? Өткен жылы «Қарағанды облысы бойынша сот сараптамасы институтының» директоры мен оның орынбасары құрықталды. Олар марқұмдардардың денесіне жасалатын зерттеу қызметін жеке орталыққа бағыттап отырған. Есесіне жекеменшік мекемеден әр қайтыс болған адам үшін 35-40 мың теңге пара алып келген. Ардан аттаған, адамдықтың ауылынан іргесін алыс салған мұндай пасықтардан қоғамды қалай тазалаймыз өзі?  

Дәл осылай жасалатын болса Атырау облысындағы Ақсай ауылдық округінің әкімі тұсаукесерде не таңдайтынын ойлаудың өзі ыңғайсыз. 2017 жылы аталған елді мекеннің әкімі алдына келген шаруадан 350 қап сиырдың қиын талап еткен. Қиға құмар әкім ұсталып қалды, қазынаға 6 202 500 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.


Хабарламаларға жазылу