Үкімет отырысында биылғы егін жинау науқаны талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысында биылғы егін жинау науқаны талқыланды

03.09.2019
 Биыл астық аз шықты. Былтыр 22 миллион тонна жиналса, осы жылы 19 миллион тонна көлемінде бидай орылады деген болжам бар. «Бұл жағдайға басты себеп қолайсыз ауа райы»,- деп мәлімдеді Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров.  

Ербол Мәндібек, тілші:

Былтыр елімізде 23 миллион тоннаға тақау бидай жиналыпты. Ал биыл 19 миллион тонна астық орылады деп болжанған. Күннің ыстығынан егіс алқабы күйіп кеткен облыстардың алдыңғы қатарында Қостанай және Ақтөбе облыстары тұр. Бүгінгі Үкімет отырысына осы өңірлердің басшылары арнайы келіп, қазіргі ахуалды баяндап берді.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, аймақтағы егіс алқаптарының 33 пайызы жиналған. Бұл шамамен, 1 миллион гектардан астамы екен. Шығымдылығы 5 центнерге жақын екенігін айтады. Ал егіні шықпай қалған шаруалардың қамбасын келер жылға тұқыммен толтыруға кірісіпті.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

Ағымдағы жылдың құрғақшылығына байланысты Оңтүстік аудандардың тұқым құйып алу шаруашылығы мәселесі өте өзекті болып тұр. Қазір 16 пайызын құйып отырмыз, бұл — ең басты мәселе. Жалпы 530 мың тонна тұқым жинауымыз керек.

Мәселен, мынау Наурызым ауданындағы егін алқабы. Жаздай жаңбыр тамбаған. Күннің ыстығынан күйіп кетіпті.
Ылғалдың жетіспеушлігінен, әсіресе оңтүстік аудандардың диқандары қатты зардап шеккен. Солардың бірі Нұрқат Ташмағанбетов. 22 жылдан бері егін екккен шаруа, мұндай жағдайға бірінші рет тап болған.

Нұрқат Ташмағанбетов, шаруа:

Әкімдік, Үкімет тарапынан көмек болмаса, келесі жылы еге алмаймыз егінді. Қоятын шығармыз бәрін. Қарамағымда 15-20 адам бар. Оның бәрі жұмыссыз қалады. Қазір жалақыны қалай берерімді білмей отырмын. Жағдай өте қиын.

Диқаншылардың мәселесін Үкіметтегілер 5 саусағындай біліп отыр. Әр өңірде арнайы комиссиялар құрылған. Олар осы күні кімге нақты қандай көмек керектігін анықтауда. Тап қазіргі міндет бар бидайды «шашып-төкпей» теріп алу. Әкімдердің сөзіне қарағанда, шаруаларда техника да, оған құятын жанар-жағармай да жеткілікті. Ал министрлік бидайды нарықтарға қалай бөлу керектігін есептеп қойған.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Егер 19 миллион тонна астық жинайтын болсақ, оның 9 миллионы ішкі нарыққа қалады, 7-8 миллион тоннасын экспортқа шығарамыз. Ар жағында 2 миилион тағы да қалып отыр.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Егін жинауға уақыт аз қалды. Негізгі астықты өңірлерде ауа-райы тұрақсыз сондықтан егінді уақытында жинаумен қатар жұмысты барынша шығынсыз орындау өте маңызды. Жалпы егін орағы науқанының барысы жаман емес.

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» биыл шаруалардан бидайды тоннасына 60-70 мың теңге аралығында сатып алады. Үкіметтегілердің есебінше 19 миллион тонна бидай ішкі нарықты толық қамтуға жеткілікті және нан бағасы қымбаттамайды деп отыр. Бидай жинау науқаны жалғасуда. Премьер-Министр Асқар Мамин жауапты мекеме басшыларына егін орағына күн сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу