ҚР Президенті Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың отбасымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР Президенті Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың отбасымен кездесті

03.06.2019

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Әулиеата жеріне келді. Бүгінде аймақ экономикалық даму жағынан қатарынан қара үзбесе де, көштен қалмай келеді. Жыл басынан бері тау-кен, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі бойынша 154 миллион теңгенің өнімі өндіріліпті. Өңірлік өнім өткен жылғыдан 3,5 пайызға артқан. Тұтастай алғанда, қазір аймақ экономикасында оң динамика байқалады.

Президентпен жүздесуге жиналған жұртшылықтың қарасы тым қалың болды. Халықтың әл-ауқаты қалай, аймақта не тындырылып жатыр, қандай көлеңкелі мәселелер бар? Президент әңгімені осыдан бастады. Халық тұрмысын жақсарту үшін атқарылар шаруаларды пысықтап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтардың табысы лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты. Қазір еңбекке жарамды әрбір үшінші тұрғын өзін-өзі қамтыған. Олардың табысы жоғары деп айту қиын. Президент ретінде барлық деңгейдегі әкімдерге ескертемін. Сіздердің басты міндеттеріңіз - жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты қызметпен қамту.

Сапар аясында Президент бірнеше әлеуметтік-мәдени және өндіріс нысандарында болды. «Қазфосфат» фосфор зауытында жүргізілген жаңғырту жұмыстарымен танысты. «Көне Тараз» саябағының аумағында болып, қаланың құрылыс жоспарын көрді. Президент бұдан кейін Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың шаңырағына арнайы келіп, батыр ұлдың ерлігіне басын иді. Ғазиз Байтасов сегіз жыл бұрын қаланың қақ ортасында қолында гранатасы бар лаңкесті денесімен жауып, қаза тауып еді.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу