Жеңісті жақындатқан аға ұрпақ ел өміріндегі елеулі оқиғадан қалыс қалмады. Облыста 83 соғыс ардагерінің барлығы да өз таңдауын жасады. Басым бөлігі үйінде дауыс берсе, бірлі-жарымы халықтың ортасына келіп, кейінгілерге үлгі болды. Аймақтағы тілшіміз Ардақ Мұратқызының бейнематериалы.
Жасы 95-ке таяған Қалам Сүйіншәлиев қатардан табылды. Ардагер 18-інде от кешіп, ел шекарасын фашистердің әуе шабуылынан қорғады. Ғұмыр бойы үлкенді-кішілі барлық сайлауға үзбей қатысып келе жатқан ол бүгін тарихи сәт деп ұғады.
Қалам Сүйінішәлиева, соғыс ардагері:
Дауыс беру үшін біреуді шақырсам, үйге де келер еді. Бірақ сонысына қарамай, таяғымызды ұстап жаяу келдік. Әр адам ертең дауыс беріп кеткеннен кейін аспанға қарап жүруді қойып, біздің бірлігіміз, біздің өскеніміз, біздің болашағымыз екенін сезетін болсын.
Өңірде 83 соғыс ардагері бар. Олардың дені ден саулығына орай үйінде дауыс берді. Қала бойынша тек 3 ардагер учаскеге келді. Ал қалған майдангерлер көшпелі сайлау топтары арқылы таңдау жасады. Олардың қасында байқаушылар бар.
Біз қазір №440 сайлау учаскесінде тұрмыз. Сайлау тәртіпке сай өтіп жатыр. Мына жақта байқаушылар, ал қарсы бетінде сайлау комиссиясының мүшелері отыр. Ол жерге тұрғындар келіп, тізімнен өз аты-жөндерін тауып, дауыс беріп жатыр. Жалпы Жайық жұртшылығы сайлауға белсене қатысуда. Өңір бойныша 519 сайлау учаскесі бар.
Мұнда 2320 сайлаушы тіркелген. Түске дейін олардың 35%-ы дауыс беріп үлгерді.
Сәбила Жүнісова, бақылаушы:
Біз ешбір кандидатты қолдамаймыз. Жалпы сайлаудың әділ, таза өтуіне мүдделеспіз. Ешқандай кемшілік болған жоқ. Бәрі де ойдағыдай өтіп жатры. Тыныш. Сайлаушылар да даусын беріп, разы боп кетіп жатыр.
Аға буынның аманатын шекарашылар да қуаттап, ел іргесін күзетіп әрі сайлауға қатысуға уақыт тапты.
Мақсот Кенжебаев, шекараны бақылау бөлімінің бастығы:
Сағат 6-дан бастап тұрып, сайлауға келіп, біріншіден, еліміздің тыныштығы үшін, тұрақтылығы үшін дауыс бердік.
Жалпы өңір бойынша 461 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ