Қостанай облысында бүгін 748 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында бүгін 748 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

19.03.2023

Ал Қостанай облысында бүгін 748 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Аймақтағы дауыс беру құқына ие азаматтардың 70 пайызға жуығы осы уақытта өз таңдауын жасап үлгерген. Бүгінгі сайлаудан ғасырға жуық жасаған қариялар да шет қалған жоқ.

Солардың бірі қостанайлық 98 жастағы соғыс ардагер Қасымхан Алдабергенов. Қасымхан ата Қостанай облысындағы көзі тірі 24 соғыс ардагерінің бірі. Бейбіт заманда мәдениет және ақпарат саласында қызмет етті. Аудандық, облыстық газеттерде тілші міндетін атқарды. Жасы жүзге таяса да, қария әлі күнге қоғам өмірінен тыс қалған емес. Елде болып жатқан жаңалықтарға қашанда құлағы түрік. Жүру тұруы қиындаса да, бүгінгі сайлау науқанынан қалыс қалмай, комиссия мүшелерін шақырып үйінде дауыс берді.

Қасымхан Алдабергенов, соғыс ардагері:

Бүгінгі сайлау ерекше деп отырмыз. Сол үшін дауысымды бердім. Депутаттардың ертең мәжілісте отыратын, менің сөзім құлақтарында болсын. Халыққа қалтқысыз қызмет етсін.

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу