Сыр өңірінде дауыс беру аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде дауыс беру аяқталуға жақын

20.11.2022

Сыр өңірінде дауыс беру аяқталуға жақын. Облыс жұртшылығы сайлауға белсене қатысып, әлі де өз таңдауын жасауда. Жалпы аймақта ең қарт сайлаушы Сырдария ауданында тұрады. Ол соғыс және еңбек ардагері 101 жастағы Яхия Тасыров. Саяси науқанға үн қосқан ерекше кейіпкерлер жайлы Әділбек Серікұлы толығырақ баяндайды.

101 жастағы ардагер дауыс берді

Ғасыр жасаған қарт майдангер Яхия Тасыров осы кезге дейін бірде-бір сайлаудан қалыс қалған емес. Абыз ақсақал бұл жолы да кенттегі сайлау учаскесіне ең алғашқылардың бірі болып келді. Өз таңдауын жасап, саяси науқанның сәтті өтуіне ізгі тілегін білдірді.

Яхия Тасыров, соғыс және еңбек ардагері:
Сайлауға келіп, бірінші батамды беріп жатырмын, шырақтарым. Өмірлі болыңдар, абыройлы болыңдар. Сайлау сәтті өтсін.

Жас жұбайлар өз таңдауын жасады

Елдің болашағы айқындалатын айтулы күнде қызылордалық Серіжан мен Гүлжания отбасылық өмірге қадам басты. Неке қию рәсімінен шыққан екі жас тойдың арасынан уақыт тауып, қаладағы Жастар орталығында орналасқан сайлау учаскесіне барды. Бақытқа кенелген жарасымды жұп президент сайлауында таңдау жасау, әрбір саналы адамның азаматтық парызы санайды.

Серіжан мен Гүлжания, жас жұбайлар:
Біз үшін бүгін елеулі күн. Өз таңдауымызды жасадық. Әрбір қазақстандықтың дауысы маңызды болғандықтан біз де бүгін тойымыздың арасында уақытымызды бөліп, арнайы өзіміздің даусымызды беруге келдік.

Үшемдер алғаш рет дауыс берді

Ал Қазалы ауданында Динара, Дариға, Әлия есімді үшем алғаш рет президент сайлауында дауыс берді. Осындай маңызды саяси науқанда өз таңдауын жасаған үш қызға сайлау учаскесінен естелікке сыйлықтар табысталды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу