Батыс Қазақстанда 10 мың халқы бар аудан орталығы сары су ішіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда 10 мың халқы бар аудан орталығы сары су ішіп отыр

29.08.2019

Батыс Қазақстанда 10 мың халқы бар аудан орталығы сары су ішіп отыр. Ақжайық ауданындағы Чапаев кенті Жайық жағасында орналасқан. Дегенмен осымен төртінгші жыл ауыз судан да, бау-бақшаға құятын техникалық судан да тарығып келеді. Жағдайы бар тұрғын сатып алып, болмағаны топырақ аралас суды тұндырып ішеді.

Мира Тінәлиева екі жыл бұрын 130 мың теңгеге үйге су кіргізген. Ай сайын төлемін төлеп тұрады. Бірақ су сапасы сын көтермейді. Әсіресе жаз шыға лайланып, ішуге мүлдем жарамсыз күйге түседі.

Мира Тінәлиева, Чапаев ауылыны тұрғыны:

Мынау біздің ішіп отырған суымыз. Судың түсі осы. Төрт жылдан бері осындай су ішіп отырмыз. Әсіресе осы жылы мәселе күрделеніп кетті. Суды қазір уақытпен беретін болды. Бірнеше жыл көтеріліп отыр. Бірақ әкімдер ештеңе істеп жатқан жоқ.

Топырақ аралас судан кір жуатын мәшине мен су ысытатын қондырғы істен шыққан. Ыдысқа қақ тұрғалы қашан. Тіршілік нәрін тұрғындардың бірі сатып алып, бірі тұндырып ішеді. Лай судан ауру жамап алғанын айтады.

Роза Абдолкәрімова, Чапаев ауылыны тұрғыны:

Операция істелінді маған ақпан айында. Өт жолынан тас алды. Су өте лас, құм тұрған. Мына бақыраш қап-қара, жұма сайын емес, күнбе-күн тазалаймын.

Ақжайық ауданы ортығында қазір 10 мыңнан астам халық тұрады. Су бекеті 80-ші жылдары салынған. 2004 жылы «Таза су» бағдарламасымен қайта жаңғыртылыпты. Алайда оның қуаттылығы сол кездегі 8 мың халыққа шақталған. Мамандар қазір тұрғын санының артуына әрі суды көп тұтынуына орай су сапасы нашар екендігін айтады. Өйткені су бекетте тазартылып, тұндырылып үлгермейді.

Әлжан Досмақов, «Жайықтехсервис» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорнының басшысы:

Мында су тазартатын қондырғы жоқ. Және су қоймасында су ең кемі 2-3 күн тұрып тұнуы керек. Қазір ондай жағдай жоқ. Ұңғымадан тікелей халыққа кетіп жатыр. Судың жетпейтін тағы бір себебі, халық бау-бақшасын су құбырынан суарып жатыр. Судың алу мөлшері көбейіп кетті.

Жергілікті билік «ауыз суды бау-бақшаға құяды» деп халыққа кінә артады. Ал халық арықта су жоқ екенін алға тартады. Лай судың тағы бір себебі, бұрынғы су құбырлары ескірген. Ал қойманың сыйымдылығы аз. Мәселені шешу үшін су жүйесін түгел қайта салу керек. Мән-жайды білмекке аудан әкімін іздегенбіз. Орнында болмады. Әлеуметтік желідегі парақшасында «тек жобалық-сметалық құжаттама жасауға 27 миллион теңге қажет» екенін айтып, «қиындыққа түсіністікпен қарауды» өтінген. Қаржы бөлініп, құжаттама жасалып, конкурс өткенше, 2-3 жыл уақыт кетеді. Ал халық мәселені тезірек шешуді талап етеді. Әзірше дүкен-дәріханаларда су саудасы қызып тұр. 5 литрі  220 теңгеден.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу