«Жаса, қазағым!» әнінің авторы Руслан Мамытов қазір қайда? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жаса, қазағым!» әнінің авторы Руслан Мамытов қазір қайда?

14.01.2019

Руслан Мамытовтың «Жаса, қазағым!» әні ұлттың рухын көтерген туындылардың бірі. Оны сазгер ретінде танытқан шығарма халыққа кең тараған.

Руслан 2007 жылы Тараз қаласындағы Абай атындағы гуманитарлық колледжді хор дирижері мамандығы бойынша тәмамдаған. «Қазақ ән өнеріне үлесімді қосып, қолтаңбамды қалдырсам», деген үлкен мақсат оны Алматыға алып келді. Бүгінгі күні Руслан Мамытовтың әндерін елімізге белгілі әншілер орындап жүр.

Әнші қазір қайда? Сазгердің шығармашылығында қандай жаңалықтар бар?

«Tansholpan» ұжымы әншіні арнайы іздеп, онымен табиғат аясында жүздесті.

«Қазақ даласын әнге бөлеп жүрген композитор көп. Бірақ мен табиғатқа келіп, тыныштықта ән жазғанды жақсы көремін. Ел танып, жүректерінен орын алған әндерім табиғат аясында дүниеге келген.

«Жаса, қазағым!» әні Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тарту болды. Одан кейін де көптеген патриоттық әндер жаздым. Біразы орындалып жүр. Атап кететін болсам, Динара Кемелхан орындайтын «Менің қазағым», Ринат Төрехан орындайтын «Қазағыммен мақтанамын» және басқа да әндерім бар.

Ән қоржынымда 50-ге жуық ән бар. Барлығы халықтың жүрегінен орын таба бермейді. Жүрекке  жететін де, жетпейтін де ән болады. Меніңше, халық 10-15 әнімді жақсы біледі.  

Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев ағаларымыздың әндері өнерге келуіме себепкер болды», - дейді сазгер.

 

Жеке студиясын ашып, шығармашылығын өрістетіп жүрген сазгер алдағы уақытта кеш өткізуді жоспарлауда. Одан басқа қаңтар айының соңына қарай «Қызыма» атты жаңа әніне бейнебаян түсіруді қолға алмақ.

 

Толық нұсқа

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

Хабарламаларға жазылу