Қазір тағы бір әйел адамның ісін алдым – Абзал Құспан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазір тағы бір әйел адамның ісін алдым – Абзал Құспан

24.12.2018

 «Nazar» бағдарламасының қонағы – заңгер Абзал Құспан. 

Қорғаушы: «Мақсатымыз – қорғау тарапының құқығын құру. Кеңес Одағының кезіндегідей қорғаушы тек формальдылық үшін ғана керек емес, қазір қорғаушыларда дәйек жинау, сараптама жасау және оны сотқа ұсыну құқығы бар. 

Бізде қағаз жүзінде бәрі керемет. Оның бәрі іске аса бермейді. 
Әр адам өз құқығын қорғай білуі керек. 2018 жылы Қылмыстық кодекс қабылданғанда, қарапайым халық селт еткен жоқ. «Мен қылмыскер емеспін, маған неге керек?» деген ойда болды. Міндетті түрде қатысы болады. Кейде қылмыс жасамай жатып-ақ, қылмыскер болып жататын жағдайлар бар. 

Әйел адам болсын, ер адам болсын, бала болсын, осы дүниеге келді ме, туабітті құқықтары болады. Әйел, бала физикалық тұрғыдан әлсіз жаратылыс иесі болғаннан кейін, олар өз-өзін қорғай алмайды, ал, оларды заң қорғайды. Заңға деген сенімсіздік мемлекетке деген сенімсіздікті туғызады. 

Шындық әркез екі ортада. Қазақстанда заң мүлдем орындалмайды дегенге келіспеймін. Заңның дұрыс, орнымен жүзеге асып жатқанының насихатталуы кемшін. 
Қазақстанның оңтүстік өңірінде алып қашу деген қылмыс жиі орын алады. Адамды бас жоқ, көз жоқ, алып қашу – үлкен қылмыс. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», дегендей, дәстүрдің өзін өзгертуге заң қауқарлы. 

Махаббатсыз қосылған жастардың болашағы қандай болады? Ер адам жалпы алып қашып алған жарына адам ретінде қарай ма? Әлде иемденген заты ретінде қарай ма? Осы жағы бізді қатты ойлантады. 

Бізде дала заңы болды. Педофилия деген ұғым ол кезде болды ма, ол жағы бізге белгісіз. Ең ауыр жазаның болғаны белгілі. Ең ауыр жаза – адамның өмірін кесу. Педофилияға қатысты көбісі «жазаны қатайту керек. Өлім жазасына кесу керек» деп жатады. Еуропада педофильдерді қатты жазаламайды, ауру деп қарайды. Моральдық залалы үшін өтемақы төлетеді.
Парижде іссапармен жүрген кезімде, Атыраудағы қорғалушымды қамап тастағанын білдім, 20 минуттың ішінде арыз жаздым. Сонда Париждегі әріптестерім таңқалды. Оларда электронды қолтаңба деген түсінік әлі де болса жоқ. 

Адам құқығын сақтамаған ел бай болсын, қуатты болсын, экономикасы мықты болсын, ол дамымаған ел болып саналады. 

2018 жылы Сайрагүл Сауытбайдың ісін қолға алдым. 2016 жылы ол Қытайдан Қазақстанға көшпекші болады. Екі ұлы мен қызын, күйеуін өткізеді. Сайрагүлді мәжбүрлі түрде құпия жұмысқа тартады. Бұдан кейін оның шекараны басып өткеннен басқа амалы қалмайды.БҰҰ-мен біріге отырып, осы істің оң шешімін таптық. Аталмыш іске қатысты әлемдік ақпарат құралдарында 300-ге жуық ақпарат жарияланыпты. 

Қазір бір әйел адамның ісін алдым. Ата-анасы бай адамның үйіне қызметші қылады. Үлкен шенеунік үй қызметшісіне зорлық қылып, 2 баланы өмірге әкелдіреді. Оның бір баласы мүгедек болады. Осыдан кейін бәйбішесі біліп қойып, менің қорғалушым далада қалған. Ер адамның елге жасаған жақсылығы, қоғамға тигізген пайдасы отбасы мүшелеріне сіңеді».

Хабарламаларға жазылу