Абзал Құспан: Еліміздегі адвокаттар  қауымы қобалжулы (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абзал Құспан: Еліміздегі адвокаттар  қауымы қобалжулы (ВИДЕО)

08.10.2017

Бүгінгі «1 Студия» саяси ток-шоуы құқық қорғау саласындағы реформа тақырыбын талқыға салды. Студияда ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы  Мейрам Жанғұттинов, Ақтөбе облыстық Әділет департаментінің басшысы Берік Беркімбаев, Қазақстан адвокаттар коллегиясының мүшесі, заңгер Абзал Құспан қонақта болып, тақырыпқа сай пікір білдірді.

Құқық қорғау саласында не өзгерді?

Марат Ахметжанов: «Егемендік алғалы бері құқықтық саясатты ілгері жылжытуда Елбасының бастамасымен бірқатар шаруа атқарылуда. Елбасының алға қойып отырған мақсаты қылмыстық процеске қарапайым халықтың көзімен қарау. Яғни, адамдардың өз құқықтарын қорғауды нығайту, қылмыстық процесті әрі қарай жетілдіріп, заманауи ақпаратты-технологиялық әдістерді қолдану сияқты тапсырма жүктелді. Осы тапсырмаға сәйкес бүкіл құқық қорғау органдары, арнайы орган басшыларынан, Жоғарғы Соттың төрағасы, Бас прокурордан  тұратын үлкен жұмыс тобы құрылды. Бүгінде қылмыстық процесті жетілдіру жұмыстары жасалып жатыр».

Ал, Қазақстан адвокаттар коллегиясының мүшесі, заңгер Абзал Құспан  еліміздегі адвокаттар  қауымы қобалжулы екенін айтады.

«Егер бұл салада жағдай жақсы болған болса, Мемлекет басшысы тарапынан құқық қорғау органдары қызметіне өте қатты сын айтылмаған болар еді.  Неге Елбасы бұл салаға сын айтты? Себебі, Президент әкімшілігіне қарапайым халық тарапынан түсіп жатқан арыздар легі толастар емес. Олар негізінен құқық қорғау органдары қызметіне және сот төрелігіне қатысты жазып жатыр. Бұл Президенттің өз аузынан шыққан сөз.  Прокуратура тарапынан тараптардың теңдігін қамтамасыз ету мақсатында  нақты іс-әрекеттер жасалып жатыр.

Бірінші кезекте, тараптар теңдігі деген кезде біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Соттың символы – Фемида, яғни таразының бір жағы қорғау болса, бір жағы айыптау. Осыны теңестіру – бүгінгі таңның өзекті мәселесіне айналып отыр. Бұл ретте Бас прокуратура  тарапынан қадамдар жасалып жатса, келесі бір мемлекеттік орган Әділет министрлігі тарапынан мүлдем кереғар жұмыстар жасалуда. Яғни, биыл Адвокаттық қызмет туралы заңымыздың 20 жылдығы қарсаңында Әділет министрлігі бізге «тосынсый» жасап, жаңа заң жобасын дайындады. Ол заң демократияның бір институты ретінде адвокатураға үлкен нұқсан келтірмек. Бұл бірінші кезекте, адвокаттардың тәуелсіздігіне нұқсан келтірмекші»,-дейді ол.

Хабар барысында осы мәселеге қатысты Ақтөбе облыстық Әділет департаментінің басшысы Берік Беркімбаев та пікір білдірді.

Хабарламаларға жазылу