Мінсіз болуы тиіс монументтер қандай сынға ілікті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мінсіз болуы тиіс монументтер қандай сынға ілікті?

06.10.2018

Бейбіт күнде жұрттың жадынан өшпеуі тиіс оқиғаларды үнемі еске салып тұратын монументтерге келейік енді. Үстіміздегі жылдың сәуірінде басқа түгілі бас қаладағы нысандардың тәуір еместігін әріптестерім тізіп жазды. Астанадағы «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел қақпасы» сынды орындарды көрейін деп шабытпен барсаңыз табытпен оралуыңыз мүмкін екен. Өйткені, аз ақшаға салынбаған нысандардың қабырғалары қақырап, тіреулері сөгіліп тұрған. Бас қалаға алыс-жақыннан келгендерді таңдай қақтыруы тиіс монументтердің адам аярлықтай жағдайын көрген жауаптылар бас шайқады, «бәрін асығыс салған, бітпеген дүниелерді науқаншылықпен қабылдаған» деп өздерін ақтады. «Қазақ елі» монументінің табанын ағашпен тіреп қойғанды да көрдік міне. Күн санап көркейіп келе жатқан Астанадағы елдің әргі-бергі тарихынан сыр шертетін нысандардың астына су қатып, салмағы зіл қара тас бөлшектерінің құлағалы тұрғанына да куәміз. Ол ол ма, қазақтың басынан өткен зұлмат жылдарды келешек ұрпақтың көз алдында әкелетін ашаршылық ескерткішіндегі бала мүсінді біреулер ұрлап әкетіп масқара қылып еді. Аштықтан емес, әрине, тарихқа түкіргені бар алаяқтар 90 келі тартатын таза мыстан құйылған мүсінді сатып, қосымша қаржы таппақ болған. Жауапсыз шенеуніктер сапасыз нысандарды қабылдайды, сау қалғанын өзіміз бүлдіреміз, ақыр аяғы ұрлап тынамыз. Өзгелерге қарасаң қарадай қысыласың, өйткені, олар тарихтан сыр шертетін ескі монументтерді сақтайды, жөндейді, кейін саяхатшыларды шақырып, қыруар пайда табады. Алдында айтқан, АҚШ-ғы Рашмор тауына қашалған төрт президенттің ескерткішіне жылына кемі 2 миллион турист келеді екен. Тегін емес, тиісінше өз шығынын өзі жабады немесе Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы мына мүсін. Биіктігі 38 метр, екі қолының арасы 28 метр. 1145 тонна тартатын ескерткішті жылына 1,8 миллион саяхатшы келіп қызықтайды екен. Елдер тас мүсіндерден де тәп-тәуір пайда табады. Ал, біздегілер неге барды ақсатып, қамбадан бөлінген қап-қап қаражатты жемсауына салып жұтпай жұрттың игілігіне жұмсамайды? Мінсіз болуы тиіс монументтер тағы қандай сынға ілікті?

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу