ХХ ғасырда өмір сүрген белгілі жазушы Элизабет Херингтің жазған романында басты кейіпкерлердің бірі болған дәрігердің мынадай сөзі бар: «адамдар өте көп тамақ ішеді. Ішкен тамағының 4/1-інің есебінен өздері өмір сүреді, ал, қалған 4/3-інің есебінен біз өмір сүреміз», дейді. Бұл дәрігерлер адамдардың ауруын тілейді дегенді білдірмейді. Мәселе мынада: жұрт асты қомағайланып асаған сайын ағзасы іштен іри бастайды. Тиісінше, түрлі аурулар пайда болады, тамағынан өткеннің бәрін талғамай жұтқандардың салмағы артады. Арты ауру. Аурухана кереуеті, яки дәрігерге жұмыс. Қазір артық салмақ пен сапасыз ас әлемдік экономиканы құлдыратып барады деп сарапшылар дабыл қағып отыр. Салмақпен ауырғандарды емдеу керек, олар жұмысқа шықпай еңбек өнімділігін азайтады, тиісінше өнеркәсіп орындарында қызметкер қат болады. Маккинзидің ғаламдық институтының зерттеуіне сүйенсек, семіздіктің салдарын жою үшін жылына жаһанда 1,3 триллион доллар жұмсалады екен. Қазіргі таңда жер басып жүрген жеті миллиард адамның 2,1 миллиардынан астамында артық салмақ бар. Қазір Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы бас болып жер бетіндегі ас-су шығаратын өнеркәсіптердің бәрін тексеру керек, құрамын қарау керек деп бастама көтерді. Әрине, бырыққан базарлар мен сансыз супермаркеттерді тінтіп шығуды шетелдік қадағалаушылардың мойнына арта салып қарап отыру шешім емес екенін бәріміз білеміз. Сондықтан, біздің жұрт не ішіп, жегенін біліп жүру үшін санды сапаға жеңдіру қажет. Әйтпесе, ақшаға құнығып сапасыз асты сатып артынан ауырған ағайынға не болса сол болсын деп жүрген арсыздар көп. Осы аптада сондайлардың бірнешеуі Астанада анықталды. Олар қолдану мерзімі өтіп кеткен азық-түліктерді елге еш ұялмай сатқан. Құзырлы орынның мәліметінше, шикілік шыққан тамақтардың 71 пайызы үшінші елдерден әкелінген, 27 пайызы Еуразиялық экономикалық Одақ елдерінен кіргізілген, ал, 1,4 пайызы өзіміздің отандық өнім екен. Елорададағы жағдай мынадай болса, өзге өңірлердегі қаннен қаперсіз қандастардың не ішіп-жеп отырғанын елестетсең есің шығады. Осындай бассыздықтарды болдырмау үшін халықаралық сарапшылар азық-түлігі сапалы елдермен сауда жасауға, қалғанынан іргемізді аулақ салуға кеңес берді. Бұл кеңеске біздің ел құлақ асты ма? Біз қай жақтың азығын шеңгелдеп асап жүрміз? Оның сапасын кім тексеріп жатыр?
Еркін СЪЕЗҰЛЫ