«Shaniraq»-та бүгін «Немере баққым келмейді...» тақырыбы көтерілді.
Бағдарламаға қонаққа эстрада әншісі Индира Расылхан келді.
Ол «ата-әжемнің қызы болғанмын», дейді. Таң атқаннан кеш батқанға дейін ата-әжесінің жанынан екі елі айырылмаған екен.
Атасы алты жасында домбыраны өз қолымен соғып, «Елім-ай» әнін үйреткен. Ол Индираның әнші болатынын бала кезінде байқаған. «Атам «ботақаным» деп еркелететін», деп толғанды ол.
Ал әжесі үй тірлігін санасына сіңірген. Әжесі «қолыңнан іс келмесе, маған сөз келеді», дейді екен. Тоқуға, тігуге де баулыған. «Атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленген балалар бақытты» дейді ол.
Бала кезінде оның әке-анасы ауылда ата-әжесімен бірге тұрған. Әкесі мен анасы қалаға көшкенде, атасы мен әжесі ауылда қалғысы келген. Алайда кішкентай Индира «ата-әжеммен бірге тұрам» деген соң, олар да бірге қалаға көшіп келген.
Сондай-ақ, ол «немере баққым келмейді» дегеннің түбі – келінде жатыр дейді. Оның ойынша, барлығы келінге байланысты. Жақсы келіннен туған баланы ешкім шеттетпейді деген ой айтты.
Мысалы ол балаларын ата-әжесінен қызғанбайды. Оның балалары да ата-әжесінің тәрбиесін көріп жатыр.
Сонымен бірге, әнші «Болашақта немерелерінің қамқор әжесі боламын» деген ойда.
«Бала тәрбиесінде – ата мен әженің алатын орны зор. Ата-әженің тәрбиесін көрген бала тәрбиелі, иманды, жүрегі жұмсақ болады», деп қорытты ол сөзін.