Ербол Тілешев: Тілдер күні – рухты мереке - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ербол Тілешев: Тілдер күні – рухты мереке

05.09.2018

Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай, 5 қыркүйек тілдер мерекесі болып белгіленді.

Осыған орай, «Tansholpan»-ның бүгінгі санына «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми орталығының директоры Ербол Тілешов қонақ болды.

 

«Ел –бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген Ахаң расында тарихта мәңгі қалды.

Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап, араб қарпіне негіздеп жаңа алфавит жасады. Артынша осы жазуды үйрететін «Оқу құралын» жарыққа шығарды. Тіл білімінің негізгі терминдерін Ахмет Байтұрсынов қалады.

1913-1918 жылдары алаш қайраткерлері Алихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовпен бірге жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды.

«Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер, білім,  саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі біледі. Оның шындығына ешкім таласа алмайды» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, ұлт үшін еткен еңбек ешқашан ұмытылмайды.

Ербол Тілешов өзінің тілдер күні туралы тұщымды ойларымен бөлісті. «Тілімізге арналған күннің нақты 5 қыркүйекке шегеленгені қуантады. Мерекенің мән-мағынасына келсек, Ахаң десе, тіл, тіл дегенде, Ахаң ойға оралады.Тағзым мерекесі, құрмет мерекесі ретіндегі мазмұны арта түседі.

Түрлі іс-шаралар қолға алынып, іске асты. Үкіметтің қаулысымен республикалық орталық акционерлік емес ұйым болып қайта құрылды. А.Байтұрсынов атындағы Тіл институты Астанаға көшірілді. Келесі аптадан бастап, «Тіл –қазына» ұйымы жаңа емлені мектептерде, университеттерде сынақтан өткізіп, нәтижесіне сай іс-шаралар қабылдайды.

Ғылыми айналымға енген алаш арыстарының сөздерін рухани-мәдени айналымға енгізуге жұмыстар жасалып жатыр. Аталмыш ұйым алаш қайраткерлерінің сөздерін насихаттайды. Ахаңның сыртынан сүйсініп қана қоймай, оның ойлау логикасын зерттейді».

Ербол Тілешов сөз соңында «тілдің табиғатын Ахаңдай сезген ешкім жоқ. Таразының бір басына басқа ғалымдарды, бір басына Ахаңды қояр болса, Ахаң басып кетеді»,-деді.

Еске сала кетейік, дүйсенбі-жұма аралығында сағат 7:00-де «Tansholpan»-ды тікелей эфирден тамашалай аласыздар.

Хабарламаларға жазылу