Алмат Кебісбаев: Бала кезімде музыкаға бейім болдым - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алмат Кебісбаев: Бала кезімде музыкаға бейім болдым

05.09.2018

Қыркүйектің 5-інде «Таңшолпан» бағдарламасында Азияданың алтын және күміс жүлдегерлері Ділдәш Құрышбаева мен Алмат Кебісбаев қонақта болды.

Индонезияда өткен Азия чемпионатында еліміз 15 алтын, 17 күміс, 44 қола медаль, жалпы 76 медальмен 9-орынға тұрақтады.

Осы жарыста қазақстандық Ділдәш Құрышбаева самбодан әйелдер арасында 48 келіде алтын жүлде алды. 24 жастағы балуан финалда өзбекстандық Нулифар Давлетованы жеңді. Алғашқы белдесуінде Қырғыз балуанынан аяқты ауырту әдісімен басым түсті. Екінші айналымда жапондықты 1:0 есебімен ұтты. Ал үшінші кезеңде моңғолиялық спортшымен тартысып, 3:0 болып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ділдәш бұған дейін бес рет Әлем чемпионатына қатысып, 2,3-орындарды алған. Ендігі арманы -  Олимпиада чемпионы болу. Ділдәштің айтуынша, спортқа туған ауылында басқа үйірме болмаған соң келген.

Алмат Кебісбаев аталмыш жарыста 16 белдесу өткізген. Алғашқы кездесуде Таиланд балуанын 7:2 есебімен ұтты. Үнді балуанын 8:0 етіп, айқын басымдықпен жеңді. Иран балуанымен күресте де Алмат 8:0 есебімен жеңіс тұғырына шықты. «Алтынға» таласта Оңтүстік Корея балуаны басым түсіп, Алмат күмісті місе тұтты.

Бір қызығы, Алмат бала кезінде ән айтқан, фортепиано үйірмесіне де қатысқан. Оның отбасы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауы­­лында тұрады. Әкесі - Қаб­драш аудан орталығында мал дәрігері болып қызмет істейді. Жастық шағында әкесі аздап спортпен айналысқан. Анасы - Мәрияш музыкалық мектепте домбырадан сабақ береді. Ата-анасы оны екі жаққа тартты. Әкесі спортпен айналысу қа­жет­тігі жайында ақыл-кеңес берді.

Анасы музыка саласына бейім болғанын қалады. Әу баста әке-шешесінің көңілін қалдыр­мауға тырысып, «екі кеменің ба­сын ұстаған». Бірақ түбінде спортқа деген ынтасы оны күреске алып келді. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезінде аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мек­те­біне қабылданды. Анасының туған інісі Марат Сүлейменов кезінде мықты балуан болған. Ағасы оны білікті бапкер Жұмаш Иманбаевқа табыс еткен.

Еске сала кетейік, «Таңшолпанды» дүйсенбі-жұма аралығында сағат 7:00-ден 10:00-ге дейін көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу