Пан Ги Мун: Қазақстан 2050 жылы электр энергиясының 50 пайызын альтернативті энергия көздерінен алатын болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пан Ги Мун: Қазақстан 2050 жылы электр энергиясының 50 пайызын альтернативті энергия көздерінен алатын болады

17.05.2018
Пан Ги Мун: Қазақстан 2050 жылы электр энергиясының 50 пайызын альтернативті энергия көздерінен алатын болады

Қазақстан 2050 жылы электр энергиясының 50 пайызын альтернативтік энергия көздерінен алатын болады. Бұл туралы елордада өтіп жатқан XI Астана экономикалық форумында БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун айтты.

«Бізде үкімет пен азаматтық қоғам арасында тығыз серіктестік орнады. Дүниежүзі көшбасшыларын осы әлемді болашақ ұрпаққа сақтау үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Қазақстан 2050 жылы электр энергиясының 50 пайызын альтернативтік энергия көздерінен алатын болады. Табиғат біздің олармен келісімге келуімізді күте алмайды, біз, адамдар, табиғатпен үйлесімде өмір сүруіміз қажет», - деді. Пан Ги Мун.

XI Астана экономикалық форумы  17 мамыр мен 19 мамыр аралығында өтеді. Бұл жолы дәстүрлі тақырыптар – жаһандық экономика, цифрландыру мәселелерінен бөлек, геосаяси, экологиялық проблемалар, урбанизация, табиғи ресурстар, жаңа энергия, ғаламдық қауіпсіздік, адамзаттың сапалы өмір сүру ұзақтығы сынды түйткілдер көтерілуде.

Форум жұмысына 4500 отандық, 500-ден астам шетелдік делегат қатысады деп жоспарланған. Бұл - АЭФ тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, БҰҰ бас хатшысы болған Пан Ги Мун, әйгілі «Apple»-дің құрылуына өз үлесін қосқан Стив Возняк, танымал футуролог Митио Каку сияқты беделді саясаткерлер - биылғы форумның спикерлері.

Алғашқы екі күн бойы қатысушылар жаһандық мәселелерді талқылайды. Ал, соңғы күні спикерлер алты бағыт бойынша Қазақстан Үкіметімен форумға қатысушы сарапшылармен бірлесіп жұмыс істейді.

 

Фатима Нургалиева

Хабарламаларға жазылу